пенде үшін де тағдырдың сирек сыйындай ақаусыз шын достық, биік достық ұлыларға да бұйыра бермеген. Бірін-бірі терістейтін көп мысалдар келтіруге болар еді. Моцарт пен Сальери — аңыз ғой... Шын өмірдегі, айталық, Руми мен Мухаммед Табризидің «дос-асықтығы», «Ницше мен Вагнердің шәлкем-шалыстау, Блок пен Белыйдың қиянпұрыстау, Верлен мен Рембоның былғаныштау, Сент-Бев пен Гюгоның арамзалау достығы... Шеллинг пен Гегельдің бақталас бәсеке-достығы, Маркс пен Энгельстің рухани-практикалық тұрғыдағы мінсіз сұлу, Ли Бо мен Ду Фудың романтикалық сағыныш сазды достығы... Маяковский мен Бриктердің түсініксіздеу «үштігі»... Және сондай көп мысалдарға қарап отырсаңыз, ұлы тұлғалардың біразында пікірлестікке, мүдделестікке (әрине, белгілі дәрежедегі психологиялық сәйкестік те бар) негізделген достық-сыйластық басым екенін көресіз. Пікір, идея үйлеспеген, мүдде қайшы келген сәтте (ал ондай, сәт сөз жоқ, туады) — бұл достықтың ғұмыры тәмам. Байлық, биліктің, сондай-ақ, кейде шығармашылықтың да қуат көздерінің бірі — бәсеке. Бәсеке түбі — әлсіздің қызғанышын, бағы кемнің күншілдігін тудыруы мүмкін. Жолы болғаның мардымсуын да есептен шығаруға болмайды... Бәсеке үшін — күштің, жағдайдың теңдігі шарт. Достық — шарт емес