kk
Free
Сәкен Сейфуллин

Аштардың рухтары

  • Жайна Дайрабайқызыцитирует6 лет назад
    АШТАРДЫҢ РУХТАРЫ

    (әңгіме)

    Желбіреген, желкілдеген,

    Қызыл желек жел ескен,

    Елестеген, көлестеген,

    Көлеңкелер кет естен.

    Отарбаға мініп қаладан жөнелдік. Әуелі жай дүрсілдеп, ыңқылдап темір жолмен сырғанай жүгірді, бірте-бірте екпіндеп, сумаңдап заулай жөнелді. Қарсы жүгіріп ағаштар, қаланың шетіндегі бөлек-бөлек қоралар, үйлер, үйшіктер, телеграммның бағаналары бұлдырап қалып жатыр. Қаладан шықты, қала бірте-бірте көрінбей қалды. Екпіндеп отарба ен далаға шықты. Ашық кең далаға шықты. Анда-санда қазақтың үшеу-төртеуі бірге отырған қараша жыртық үйлер көрінеді, мал жоқ, жан жоқ, бірен-саран ғана қараша үйлердің жанында түрсіз қоңыр киімді адамдар қыбырлайды.

    Отарба адамға толы. Әр вагонның ішінде һәм есіктерінің алдарында, басқыштарында аяқ басар жер жоқ. Бәрінде иін тіресе тұрған адам, бұл адамның дені аштар. Өң жоқ, түс жоқ. Кепкен, солған. Бет-ауыз, қолдары қанша уақыттан беру жуылмаған, кip-кip киімдері тозған, жыртылған. Шаң, топырақ басқан. Мойындарында, арқаларында асынған шоқпыт-шоқпыт дорбалары бар. Бұл отарбадағы адамдардың бәрін жабырқатып қайғының қара тұманы басқан. Күлкі жоқ. Бұлар аштықтан босып шұбағандар. Көбі қазақ, башқұрт, сақалды, жасы ұлғайған адамдар, жігіттер, 12—13 жастағы балалар, қыздар, қатындар. Бәрі бұралған. Аш.

    Бұлар жанталасып сенделуде. Қазіргі халдерінің өң екенін, түс екенін білмейді. Бұлар естерінен айырылған, отарба бұларды тоқтатпастан заулатып алып барады. Отарбада тыныс жоқ. Отарбада шаршау жоқ, еседі желді, кеседі желді. Алдағы көз ұшындағы қарайған нәрселер демде бұлдырап келіп артта жығылып қалып жатыр. Отарба заулайды. Кімнің қай жерде қалатыны белгісіз. Міне,айдалада бір бекетке отарба келіп ақырып тоқтады.

    Қара айғыр ыңқылдай демалып, сызғырып ақырды. Қыбырдан бipеy мініп жатыр. Дабырлаған сөздер естіледі. Тірі өліктер, ылғи қап, дорба асынған адам, көздерінде ажар жоқ. Қазақ, башқұрт, орыс, көбі қазақ. Кең дала. Маңайда ел жоқ. Менің мініп тұрған вагоным отарбаның ең артында. Міне, біздің алдымыздағы вагоннан едәуір адам түсті. Көбі қазақ. Бұлардың арасынан қазақ қатыны мен 12—13 жасар қазақ қызы шығып, бұраңдай басып барып жолдың 20 қадамдай жанында жырадағы көгалдың үстіне отырды. Қыз — қатынның қызы болса керек, екеуінің қияпаты бір-біріне ұқсас. Қатын қоңыр жыртық шапанды. Белін буған, жамаулы кір кимешекті. Кір, жыртық, көйлегінің шолақ етегінен жаман етіктері көрінеді. Қыздың басында ескі қызыл желек. Үстінде кірлеген көк-ала жол бешпент. Көйлегі келте, мәсі байпағының сыртынан киген галошы көнетоз. Қатынның арқасында, қыздың мойнында асынған дорбасы бар. Екеуі де аштықтың зардабын тартқан һәм тартуда. Екеуі де делбе болған жылқыдай сенделіп қурапты. Жұлып тастаған көк жуадай солыпты. Екеуінің де шыбын жанды сақтау лажын ойлағандай жанары мұз болып қатқан көздерімен екеуі де жан-жаққа қарайды... қарайды... Есіктен қарап тұрған маған қарайды. Көздері менің көзіме түсті. Көздерімен «бұл қалай болды?» — деп менен сұрағандай...

    Міне, тағдырдың ісі! Міне, тұрмыстың ісі! Рақымсыз тұрмыс, міне, жүріп бара жатқан отарба. Онда тоқтау жоқ. Онда тіл жоқ. Оған әркім таласып мінеді. Міне алмаған қалады. Отарба бетінен қайырылмақшы емеc. Жол бойы оған адам баласы жапырлап мінеді, жол бойы талай жан қақтығып түсіп қалады. Отарбаның астына түскен езіледі, жаншылады.

    Міне, сызғырып отарба қозғала жөнелді. Түскен жұрт жабырласып мініп жатыp. Отарбаға қарап орындарынан қозғалып анау отырған екі әйел де ұмтылды, ұмтылды, тұра алмады. Және ұмтылды, күштерін жинап ұмтылды, әрең тұрды. Жүріп бара жатқан отарбаға қарай екеуі қол ұстасып жүгірді... бұраңдап жүгірді... қыз бейшара малтығып жығылды. Қатын сүйеп тұрғызды... отарба жүріп барады. Екеуінің көзі менде, үндемейді. Бірақ екеуінің жалтыраған көздері: «Ағатай-ау! Бауырым-ау! Біз қалдық қой!» — дейді. Ышқынып ұмтылысты, тәлтіректеп аяқтары бұраңдайды. Қыз бала тағы аяқтары шырмалып жығылды. Екеуінің жылап, «қалдық-ау» деген дауыстары естілді.

    — Ия, қаласыңдар, қалдыңдар! Мен қайтейін? Қолым сендерге жетпейді, отарбада тіл жоқ, қарамайды. Қалғанға қарамайды. Қараған емес.

    Отарба күрсілдеп қатты жүріп кетті. Екі сорлы: «Ағатай-ау!» — дегендей көздерін сүзіп қарап қалды. Мен құр қарап тұрдым. Бірте-бірте алыстап қыздың басындағы қызыл желегі желбіреп қала берді. Отарба жылдамырақ жүгірді. Екеуі томашадай қарайып, бұлдырлап алыстан қызыл желегі ғана сағымдай желбіреп айдалада қалды.

    Отарба сырғанап жүре берді. Талай жерге аз-аздан аялдады. Талай аш адам жаңағыдай жолшыбай қалды. Талай кісі жаңадан мінді. Отарбада тыным жоқ. Жабырқаған көңілді біртүрлі қасірет, қайғы басты. Бірақ көз алдымда әлгі екі әйел.

    Кеш болды. Ақшам батып, ымырт жабылды. Түн болды. Дүрсілдеп, ентелеп отарба жүруде, ымырт жабылған соң вагонның ішіне кіріп, сығылысып бір бұрышқа қысылып барып отырдым. Вагонның іші қараңғы, адам өте тығыз. Кейбіреулер ақырын күбір-күбір сөйлеседі. Сөздерін тыңдасам айтқандарының бәрі: «тамақ, тамақ, ас... аштан өлген адам, далада қасқыр жеп кеткен өлік: бұтаның басына ілініп желбіреп тұрған шүберекке барсаң маңында өліктің жемтігі болады...» Міне, айтатын сөздері! Түн ортасы ауды, талай жаман қиын суреттер көз алдыма келді.

    Ойымнан әлгі екі сорлы әйел кетпейді. «Біз қалдық қой» деген көздері менің көзімнің алдында қазір тұрғандай, «біз қалдық қой» деген сөз құлағыма ыңылдап естіліп тұрғандай құлағымнан кетпейді. Екеуі қалды, маңдарында аңырайған, қаңғыраған бекеттен басқа ешкім жоқ, жәрдем табар жер жоқ. Дағдарып отырып, аз қалған әлін жиып, делбе болғандай сенделіп беті ауған жаққа екеуі жүреді-ау! Ел жоқ, күн жоқ, ақырғы күштерін жиып тағы жүріп, бір жерде құлап қалады-ау. Бастарын сүйер адам жоқ. Ауыздарына су тамызатын жан жоқ. Қиналып жатып өледі-ау! Қасқырға, құсқа жем болып, онсыз да тозған киімдері бөлек-бөлек жыртылып кимешегі, қызыл желегі бір бұтаның басына ілініп желбіреп қалады-ау!

    Міне, рақымсыз тағдырдың, рақымсыз тұрмыстың, рақымсыз отарбаның ісі! Ойымнан кетпеді, таң таянды, көз алдымда екі сорлы әйел тұрып алды, «біз қалғанымыз ба?» деген сөз құлағымнан кетпеді. Ойларым шырматылды. Миым талды. Көмескіленді, күрмелдi. Қысылып, бүрісіп жатып ұйықтап кетіппін...

    Сықырлап, сеңдері сықырлап дария тасып ағып жатыр. Бұл тасқын талай елді, талай жанды, талай нәрсені ғарып қылып ағызып алып кетіп барады. Қираған, бұзылған қалалардың, ауылдардың түрлі мүліктері ағып барады. Сендердің үстінде адам, мал һәм басқа жануарлар түрлі нәрселер кетіп барады бәрі шулаған, маңыраған, ұлыған, жылаған, ызыңдаған, күрмелген дауыстар. Мен жан-жағы түпсіз, тұңғиық биік шыңның басындамын. Қозғалуға дәрмен жоқ. Қимылдайын десем тұңғиыққа құлайтынмын. Ызыңдаған, жылаған дауыстар, «ағатай-ау, бауырым-ау, біз кеттік қой» деген дауыс. Қарасам! Бір қазақ қатыны, бір қазақ қызы, басында қызыл желегі бар, екеуі де сеңнің үстінде ағып келеді. Зарлайды, жылайды, қарайды маған. Көздері ту сыртымнан өтеді. Жылап маған қолдарын созады. «Ағатай-ау,кеттік қой! Бауырым-ау дейді. Дария тасып жатыр, бұрқырайды. Қайнайды. Сең сықырлап қалтылдайды. Үстіндегі екі әйел маған қол созады.

    «Ах! Ағатай-ау!» - дейді! Бұлар менің бір жақындарым, бауырларым екен! Бұлар жәрдем күткен, қиын халге түскен әлсіз сорлылар екен. Бұлар бағанағы отарбадан қалған екі әйел. Бауырларым! Бауырларым! Ал создым, создым қолымды! Сөйтіп қатты асқынып қолымды созып айқайлап ұмтылып шошып көзімді аштым. Түсім екен. Басым мең-зең, жүрегім лүпілдеп соғады. Көз алдымда бағанағы екі әйел. Құлағымда «ағатай-ау, бауырым-ау, кеттің ғой!» - деген сөз.

    Вагон іші жарықтау болыпты. Тола үймелеп, домаланып жатқан халық. Бәрі тірі адамға ұқсамайды. Дүрсілдеп, сырғанап бір қалыпта отарба жүріп келеді... ақырып тоқтады. Үймелеген халықтың ара-арасымен қысылып есік алдына келіп қарап тұрдым. Күңгірлеп сөйлескен халықтың сөздері естіледі. Отарбаның маңында қыбырлап жүрген адамдар. Көп тұрмады, отарба ысқырып тағы жөнелді. Тағы жабырласып, таласып жұрт мінісіп жатыр.

    Отарба тағы жылдам жүріп кетті. Тағы 3 - 4 кісі міне алмай қалды, отарба заулады, жолшыбай адамдар қалып жатты...

    Тұратын қалама келген соң мен де түсіп қалдым. Кеш болған. Пәтерге келіп жуынып, шай ішіп, үй ішімен сөйлесіп отырдым. Басым әлі мең-зең. Әлі бойымды жиып ала алғаным жоқ. Ойларым шырмалып күңгірттенген соң кереуетке жаттым. Қабағым жабылып, ұйқының тұманына түсіп кетіппін.

    Қалың орман ішінде келе жатыр екенмін. Күндіз екенін де, түн екенін де білмеймін. Бір жан жоқ. Жүремін, жүремін, жүрісім өнбейді. Қорқыныш. Тірі жан іздеп жан-жағыма қарадым: біреулер келеді. Екі әйелдің шаштары жайылып, тарқатылып, білтеленіп омырауларына түсіпті. Үстерінде борша-борша жыртық қоңыр көйлектері бар, жалаңаяқ. Қатын жалаңбас, қыздың желбіретіп бос салған жыртық қызыл желегі бар. Омыраулары ашық. Қан жоқ. Түстері суық. Көздері үңірейіп, көмірдей жайнап ішіне кірген. Қолдары,саусақтары қу сүйек. Тырнақтары ұзын. Көздері оқтай, маған қарап қарсы тұра жүрді. Асықпай жүрді. Менің де екі көзім оларда, шыдамай кейін қашпақ болдым, бұрылмақ болдым, мұршам жоқ. Қозғалмақ болдым, қатты дауыстамақ болдым, әлім жоқ. Дауысым шықпайды. Екеуі таянып қолдарын жайып қасыма келді, менің сөйлеуге тілім жоқ. Көзіммен: «қинамасаңдаршы мені!»—деп жалындым. Оған болмады. Қолдарын созып жаяды. Қу сүйек қолдарын жайып сұрады: «тамақ», «тамақ», «ас», — дейді.

    Тырнақтары өскен, қу сүйек қолдары маған тиер-тимес. Жалындым, болмады, «ешнәрсе жоқ», — дедім. Мен қысылдым. Әлім құрыды. Болмады. Қу сүйек қолдарымен мойнымнан қысып, қоршап ұстап буындырды. Мен тұншықтым, ышқынып қимылдадым, ышқынып дауыстадым. Шошып ояндым.

    Уһ! Соңымнан қалмады сорлылар!

    1922 жыл, 5-мамыр. Кеш.
fb2epub
Перетащите файлы сюда, не более 5 за один раз