Бес-алты сал келе жатады. Ортасында — Сырым.
Көзжақсым-ау, мынау Жуас қайнағаның баласы ғой. Молда жігіт келе жатыр, ойбай! Бұлар бірдеңе сезген бе? Аңдып жүрмесін бізді? Әлде әлгі келетіндерді аңдып жүр ме?
Қарагөз.Шыдай тұр... Бұлар жаулық қылмайды...
Сырым бізге жау емес.
Ақбала.Не дейді? О да біле ме? Бұл тентек еді ғой, бірдеме деп, пәле бастап жүрмесін?
Салдар бұларға тура жүреді... Тегіс сәнді киінген. Қарагөз Сырымға қарсы жүріп.
Қарагөз.Сырым... Жүрегім!..
Сырым(құшағын жайып қарсы келе жатып). Қара түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ-жарығым, маңдайдағы жұлдызым! Торға түскен ақ тотым... келші, күнім! (Екеуі құшақтасады. Салдар күле қарасып, қосыла домбыра тартып қалады.)
Ақбала.Көзжақсым, мынау ойының ба, шының ба?! Алыстан тапқан ба десем, жаңа көрдің бе осы тентекті?