переселендерге жер сұрағанда, Сыздық болыс кектенген ауылдарының ішіне қосып, осы ауылдың да жерін ұсынған. Кешікпей землемер кеп жерді өлшеген. Бірақ, ауылдың адамдары ол өлшеудің не өлшеу екенін түсінбей, қыстың жабдығын қамдап, бұрынғыша отыра берген.
Күз, ауыл шапқан шөбін қорасына үйіп, қар ұшқындап қысқы үйіне кеп қонғанда, ызғарлы хабар кенеттен сап ете түсті:
— Көшесіңдер!
— Неге? — деп сұрады ауыл.
— Үш - төрт жүз үй крестьяндар көшіп келеді, алды келіп те қалды. Бұл жерде енді солар отырады.
— Біз қайтеміз?
— Онда біздің жұмыс жоқ. Қайда барсаң — онда бар.
— «Қой, олай болмас» деп ауыл бейқам отырғанда, арбалы, жаяуы аралас шұбырған крестьяндар кеп қалады.
Сол күні урядник те келді, ауылды өртеп көшірді. Міне, бар оқиға осы!..
Күз көшке әзірленбеген ауыл, урядниктің жыландай ысылдаған ызғарымен, мылқау өрттің лебіне шыдамай қонысынан қозғалғанмен, тез жиналып кете алмады, бес - алты