Елге ұстаздық еткен қарттан алғыр, құйма құлақты
Қонақтары сұрапты:
- Аға, неше балаңыз бар соңыңыздан самғаған?
- Бір жарым! — деп тіл қатыпты әлгі адам. –
Ал, дәл айтсам, үш ұлым бар зерек әрі білімді,
Үшеуі де ғылым қуып назарға ерте ілінді.
Сол үш ұлдың бірі ғана қайсар, ұшқыр арманын,
Техникалық санаты мен ғылыми өр талғамын
Өз ұлтының сан ғасырлық рухына жалғады,
Содан шуақ, қуат алып, ғаламдық ой толғады.
Екі ұлымның тағдырында бұл өзгеріс болмады,
Екеуі де жалаң білім шеңберінде сорлады.
Рухы, жаны аласаның зорлық жатар парқын да,
Сондықтан қос перзентімді санаймын мен жарты ұлға.
Мейлі, мейлі, екі ұлымды қақса да уақыт арқадан
Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі — жарты адам!
Иә, бізді қайда апармақ мына заман ақпалы?
Ұлан - байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады.
Қайда барсаң көз алдында өнеге боп жарқылдар
Жарты ұстаздар, жарты бастық, жарты қыздар, жарты ұлдар.
Біз қанша мың жас өскінді аттандырдық шет елге:
Білім алып келсін дедік,
Жер, ел танып көрсін дедік.
Бірақ осы ізгі үмітті жалаң білім өтер ме?
Зұлымдық та білім - қызға ғашық болып сүйісті,
Кім тежемек, кім қайырмақ бүл пенделік күйісті?
Жалғыз жол бар: білім әркез рухани байлыққа
Терең тамыр жіберуге тиісті.
Қайтсек екен, монитор көз, компьютер бас жас талап,
Білім + Рух болуы үшін ажырамас қос қанат?
Қай кезде де білім — күшің әрі нұрлы жетегің.