олар кешкі шайларын ішіп болғанша Аянды күтіп отырам. Бапайдың кемпірі шалы екеуіне ғана майға бөктіріп талқан шылайды да, «сенің тісің бар ғой» деп Аянның алдына бір уыс қуырған бидай төгеді." Міне, Аянның кешкі қорегі осы. Ол үн-түнсіз қытырлатып отырып алдындағы бір уыс бидай біткенше шай ішеді де, онан соң шынысын төңкеріп қуысқа келеді. Келе бірден сыбырлай сөйлеп:
− Ертегі тыңдайсың ба? - деп алады да, менің бас изеуімді күтпестен-ақ: - Баяғыда бір жетім бала бопты...- деп бастай жөнеледі.
Бір тәуірі Бапай да, оның кемпірі де біздің сөзімізге құлақ салмайтын, Майға шылаған талқанды көсіте асап, ыстық шайға бойы бусанған қарт, қолтығындағы жастығын мыжғылай түсіп, рақаттана кекіріп қоятын да:
− Енелеріңді ұрайын, осы екеуінің-ақ сыбыр-күбірі бітпейді екен, ә. Қыз алып қашқалы ақылдасып жүргеннен саусыңдар ма-ей?! - деп әзілдейді. Кемпірі болса қабағын кіржитіп:
− И-и, жаман ит үрегеш келеді - деп, мына біздің ұл мылжың көрінеді ғой,- дейді.
Екеуі де осымен тынады. Жатарында кемпір: «майы таусылады»,- деп өзі сығырайып тұрған жетілік шамның білтесін онан әрмен сығырайтып басып тастайды. Мұнан кейін біздің бар-жоғымызды естеріне де алмастан екеуі екі жақтан тәтті қорылға басатын.
Олар ұйықтасымен-ақ Аян әлгінде ышқырына тыққан күйелеш масақтарды алып, үгіп-үгіп аузына құятын.
− Жеп көрші, тәтті,- деп бір-екі масақты маған да ұстатын. Үгіп-үгіп шала піскен дәнді мен де аузыма құямын, бірақ шикі дәмі білініп тұрғандықтан жұта алмай, шайнап-шайнап түкіріп тастайтынмын.
Кейде мен үйден нан алып келетінмін. Аян нанды көргенде, көзі отша жанып, екі ұртына кезек бұралай тығып, қақалып қала жаздайтын. «Тағы да бар ма? Тағы да?..» - деп менің қалтамның түбіндегі қоқымға дейін қағып, дегбірі қалмаушы еді.
Бір күні балалар екіге бөлініп қар атқыласып ойнамақ болдық. Ортамыздан екі атаман сайлап, қалғандарымыз екі-екіден жұптасып, әлгі екі атаманның қарауына тең бөліне бастадық. Бұл ойынға Аянның да қатысқысы келген. Бірақ екі атаманның екеуі де оны өз топтарына алудан бас тартты.
− Ой, қой, сен жүгіре алмайсың шойтаңдап,- деді олар. Аян үшін мұнан ауыр жаза жоқ еді. Ол көзі жасаурап, ақсақ аяғын сүйреткен күйде екі иіні