іпті өзіме жеке ғылыми объектінің табылғанына қуанғанымды да жасыра алмаймын. Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. Енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі - қыз өлуге тиісті. Әлгі ниет қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді. Ұстама үш-төрт күнде бір, кейде тіпті күн сайын болып тұрады.