деді. Шідербай: «Е, қамдалады ғой»,— деді. Сәдуәлі еріп келгеннен-ақ, лау мінерін сезіп, Шідербай шәкіртпен әңгімелескенде де, лау мәселесі бүйрегінің бір жағында отыр еді. Нақ жылқы тор байтал еді, онымен түйе қарап кетті. Көк биені берсе, орыс сияқты, қоқақтаған шіркін қатты жүріп, қинап тастайды-ау. Жоқ әлде көкжалдың өзін бере ме? Оны суытып жіберіп еді, қара аттың арқасының шиі бар, шығып кете ме? Кім біледі? Бұған лайық қандай жеңіл қол жылқы болар екен? Міне, Шідербайдың манадан ойлап отырғаны осы еді. Бір жақсы ой сап ете түсті. Кідірмей-ақ: «Қартқожа, сен құнаныңа мініп, бұ кісіге ер-дағы, Балдекең аулына дұрыстап апарып сал»,— деді. (Қалай «дұрыстайтынын» құдай біледі.) Қартқожа ойланбай-ақ: «Жарайды ғой»,— деді, өйткені оңаша сөйлесуге құмар еді, құнанның қиналатыны ойына да келген жоқ. Шідербай «Ретін қалай тауып жібердім!» деген кісіше, мұртынан бір жымиып, «пәледен» тезірек құтылғалы: «Қатын, тұр, аяқ жуғыз, қымыз құй мына кісіге»,— дей бастады. «Қартқожа, шайға алданбай-ақ сенде осыдан қымыз ішіп шығарсың»,— деп, мейірімі түскен кісім болды, сөйтті де ат қамдатуға тысқа шықты.
Бір аяқ қымызды ішті де, Қартқожа жүген алып, қотанда үйездеп тұрған көк құнанын ұстап, үй қасына алып келді. Желқом ерді шандырлап тұрып, мықтап ерттеді. Сөйтті де, үйге кіріп, әжесіне лау апаратындығын айтып, қамшы алып, белін буынып тысқа шықты. Қол-аяғы жерге тимей, құнтыңдап жүр. Құнанын шешіп алып, мінгелі жатқанда, келіншегінің қойнынан жаңа тұрған ағасы жалаң аяғына кебіс іліп, бір қолымен тақылжырын дырдыр қасып, бір көзін сығырайтып: «Уай, сен қайда барасың?»— деп еді, Қартқожа: «Лауға барамын», —