Егерде оныменен қарсы келсең,
Бір шыбындай тәніңдегі жаныңды алар.
Содан кейін Өтеген батыр көрген-білгенін айтып, жұртымен тегіс ақылдасады. Жұрты: – Бұған баруға болады екен. Оған қалай жетеміз? – дейді. Сонда Өтеген айтады: – Оған бір жылда жетеді. Биеге айғыр салмай, ту сыртын семіз қыл. Қойға қошқар салмай, сиырға бұқа салмай, түйеге бура салмай, тура бір жылда жетеміз. Қырық күн шөлі бар. Одан қысты күні өтеміз. Қалың қара шеңгелді қырық күнде қиып өтеміз. Содан соң жетеміз. Жері кең, бір айрығына бес мың үй сыяды. Айырығы көп сол жерде емін-еркін жатамыз. Мен ел үшін он жеті жыл жер қарадым. Сол көрген бейнетімнің арқасында осыны таптым. Ақылдасып, тілді алыңдар, – дейді Өтеген. Содан жұрт олай-бұлай ақылдасып, Өтегеннен: – Қандай малға жайлы екен? – деп сұрайды. Сонда Өтеген: – Малдың бәріне жайлы, тек жылқыға жайсызырақ, – дейді. Сонда Ерсары, Байсары деген кісілер: – Ой, олай болса, жылқы – адамның қанаты, еті – бал. Жылқыдан айрылып, адамның күн көруі кем болады. Оған бара алмайды екенбіз, – деп жұртқа ылаң сап, бұзған дейді. Ақырында жұрт Өтегеннің тілін алмасқа шығады.
Сонда Өтеген елден күдер үзеді. Өтеген бармағын тістеп: – Әй, әттеген-ай, «жылқыға да жақсы» деп айтпағаным-ай! – деп өкініп қалады, – қайыр жұртым, менен кінә жоқ, кейінгі қара қазан, сары баланың обалы Ерсары, Байсарыға болсын, – деп, Өтеген батыр Құдайға зарланып, жерімен амандасып, Түркістанға кетеді.
– Жеті қыс, бес жыл дегенде,
Осы сенің жеріңе
Орыс келер, – деп еді.
610. Орыс келсе бұл жерге,
Ерік кетер, –деп еді.
Билік кетіп басыңнан,
Береке кетіп асыңнан,
Дұшпан шығып қасыңнан,
Сенімдік кетер, – деп еді.
Орыс келсе бұл жерге,
Түймелі шекпен кидірер,
Түрегелтіп сидірер.
Аралда жатқан қамалып,
620. Қазақтың қара халығын
Бытыратып бүлдірер.
Орыс келсе бұл жерге,
Малға жұқпас, – деп еді
Қаратаудың шалғыны.
Сары алтындай сөзімнің
Келеді енді балғыны.
Елден шығып залымдар,
Тазыдай-ақ мойнына
Тағып алар қарғыны.
630. Орыс келсе еліңе,
Би-болыс шығып сол кезде,
Өтірікті шын қып жандырған.
Сөйлеп кетсе би-болыс,
Есіңді алып тандырған.
Ау, елім, елім, елім-ау,
Айтсам тілімді алмадың,
Дегеніме болмадың.
Аралда қалдың қамалып,
Көрерсің енді залалын.
640. Солдатқа беріп балаңды,
Міндеткер болдың, білдің бе,
Бәлеге басыңды ілдің бе?
Әжібектің жайлауы
Балды берік бас еді,
Өркештенген тас еді.
Қымызы бар арақтай,
Ішкен кісі мас еді.