Қызы жоқ болып, ұлы болса, қыз беретұғын болып келіңдер. Өзін қонаққа шақырып келіңдер, «Елдің жайлауы, биенің байлауы болсын!»- деп, тоқтамасын, жарқырап жаз шығысынан, күркіреп көк шығысынан қалмай келсін!»
Он жігіт келсе, Едіге қыздарын ор орынға атастырып беріп қойған екен. Алты қыздан соң туған Шоңға да қалың беріп қойған. Шоңға тетесі Қиғара, оған қалың берген жоқ болса керек. Сол Қиғараға Тоғас бидің Нақ деген қызын атастырып қайтты дейді. Едіге би бұл келген он жігітке он қара ат,он қара құлын жарғақ кигізіп қайтарыпты.
Жарқырап жаз, күркіреп көк шығысымен: «Ат қара тел (тіл) болды»- десіп, Едіге би аттанып, бірсыпыра кісімен Тоғас бидің еліне барды. Тоғас бидің елі Күркілдек өзенінің бойында отыр екен. Қым-қуыт, шым-шуыт, азан-қазан, у-шу болып жатқан жұрт. Тоғас биге барып түсіп, көріскен соң, елдің ың-жың болып жатқан мән-жайын сұрады.
- Мұның мән-жайы мынау,- деді,- елімізде: «Кәрі қатты Жәңгір хан» атанған ханымыз бар еді. Сол ханымыздың жалғыз баласы жардан құлап, жайрап қалғанына бүгін сегіз күн болды. «Мен қандай зарлап қалған болсам, жан-жануар, мал да, жан да мендей зарласын!» - деп, жаңа туып жатқан жас төлдің енесін өзеннің бір жағына, баласын өзеннің бір жағына қаматып, иіртіп, сегіз күн, сегіз түн болды - мал баласы жамырамағанына! Хан өзі теріс қарап жатып алды. Баласы өлгеннен бері нәр су татқан жоқ, ешбір жанға тіл қатқан жоқ. Елдің осындай күйзеліп тұрғандығы! - деді.
- Ханның өзі Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті ме?! - деді.
- Құдайға құл болмаған, Мұхаммедке үмбет болмаған жан