bookmate game
kk
Free
Рабиндранат Тагор

Күйреу

  • Серик Бауыржановцитирует8 лет назад
    Бұл сөзді үрейлене отырып тыңдаған Оннода-бабу:

    − Сендер, Ромеш-бабуды көрдіңдер ме? − деп сұрады.

    − Көрдік, тіпті жақын жерден көрдік, − деп жауап берді Джогендро, − ол ол ма, әйелімен де таныстық.

    Оннода-бабу қалшиып қалды. Аз толғанып:

    − Сендер кімнің әйелімен таныстыңдар? − деп қайталап сұрады.

    − Ромештің әйелімен, − деді Джогендро.

    − Не айтып тұрғаныңды түсінбеймін. Қай Ромештің әйелі?

    − Біздің Ромештің! Бұдан бірнеше ай бұрын ол еліне барғанды. Сонда үйленген.

    − Онда әкесі қайтыс болған жоқ па еді, той жасар жағдайы қайда?!

    − Әкесі өлердің дәл алдында болған бұл той.

    Оннода-бабу қалшиып қалды. Аз толғанып алды да, желкесін қасыды, содан кейін былай деді:

    − Виді Ромеш біздің Хемнолиниге үйленуі жайында ешбір сөз болмай қалғаны ма сонда?

    Біз, міне, сол жөнінде айтып тұрмыз ғой, − деп қойды Джоген.

    Егер сөздеріңнің мәні сол болса, онда той жабдығын жасап қойғанымызды қайтып ойламадыңдар? Келесі жексенбіде той болады деп жұрттың бәрі хабарланып қалған жоқ па! Той енді атымен болмайды деп хабар таратуға тура келгені ме?

    Атымен деудің керегі жоқ, − деп бастады Джоген сөзін, − тек бір кішкене өзгеріс кіргізу керек, сонда бәрі де ретіне келеді.

    Сен не айтып тұрсың?

    Ал бұл тіпті оп-оңай, әке! Әрине өзгеріс, айырбас қадарынша, керек жерінде ғана жүргізіледі. Неке қидыру мәселесінде бір ғана жол бар, біз соны таңдап алуымыз керек. Қысқарта айтқанда, біз егер Ромештің орнына басқа бір күйеуді отырғыза салсақ, осы жексенбіде − қайтсе де той тойланатын болады. Әйтпесе, жұрт көзіне көріну жоқ.

    Сөйтті де Джогендро айрықша мәнмен Окхойға бұрылды. Ал Окхой ұяла төмен қарап қалды.

    − Қысылтаяң кезеңде күйеуді қайдан таппақсың? − деп сұрады Оннода-бабу.

    − Ол жөнінде абыржымай-ақ қой.

    − Алайда ең алдымен Хеммен келісіп алу керек.

    − Істің бітіп қалғанын естіген соң Хемның көнетініне көзім жетеді.

    − Егер олай болса, өзің біл Дегенмен өкінішті-ақ. Ромеш әжептәуір ауқатты адам еді, сонысына ақылы да сай еді. Ойлап қарашы! Алдыңғы күні ғана біз Этойяға ауысамыз деп келістік, ол онда адвокаттық жұмыспен айналыспақ болған, ал міне кенеттен... сондай бір бақытсыздық келетін болғаны да!

    − Ол жөнінде несіне қам жейсің! Ромештің Этойяға кетуіне қазір де ешкім ара тұра алмайды. Барып Хемды шақырып келейін, уақыт алудың керегі жоқ.

    Бірнеше минуттан кейін Джогендро Хемнолиниді ертіп кірді. Окхой кітап шкафының тасасында, қаға берісте отыр еді.

    − Хем, отыр, − деді Джогендро, − саған айтар бір жайлар бар.

    Хемнолини үнсіз келіп креслоға отырды. Ол ауыр бір сынды басынан өткерерін сезді.

    Джогендро сөзді былай бастады:

    − Ромеш қылығы саған күдікті көрінбей ме?

    Хемнолини тіл қатпады, басын шайқады.

    − Оның бізге жария еткісі келмейтін сыры не?

    − Әлде бір себебі болғаны да, − деді Хемнолини төмен қараған қалпында.

    − Әрине себебі бар. Бірақ осының бір өзі ғана сені сақтандыруға тиісті емес пе?

    Хемнолини тағы да үнсіз ғана басын шайқады. Ондай ештеңе де ойламайтынын танытты.

    Оның Ромешке өз туысқандарынан да артық сенім білдіретіндігі ақыры Джогендроны ашуландырып жіберді. Алыстан орағытып, тұспалдай сөйлесудің бұл жерде мәні болмады. Ол қатаң сөйледі:

    − Бұдан бірнеше айлар бұрын Ромештің өз әкесіне еріп, еліне барғанын сен, әрине, ұмытпаған боларсың? Ал біз оның көпке дейін хабар-ошарсыз кеткеніне қайран қалып жүрдік қой. Әдетте сендерге күніне екі рет келетін Ромештің, әруақытта бізге көрші үйді жалға алып тұрған Ромештің Калькуттага қайтып оралған соң мүлде көрінбей қойғанын қаланың басқа жағына жасырынып жүргенін де ұмыта қоймаған боларсың. Осылай бола тұрса да сендер оған бұрынғы сенгіштікпен қарадыңдар, онымен қоймай тағы да шақырдыңдар. Мен осында болсам, осы сияқтыларға жол бермейтін едім.

    Хемнолини үнсіз отыра берді.

    Ромештің осындай қылық-мінезіне үңіліп көрдіңдер ме? Бұл неғып сендерге күдік салмады? Оған деген сенімдеріңізде шекті оқ қой деймін, тіпті!

    Хемнолини әлі де үн-түнсіз отыра берді.

    Ал, жарайды! Өздерің адал болған соң басқа біреулерді арам деуге ауыздарың бармаған шығар. Олай болса маған да сенуге тиіссіңдер ғой. Міне былай: Ромештің өз әйелі Комоланы оқуға орналастырғанын білдім де, сол мектепке бардым, ол ол ма, демалыс кезінде ол әйелін сонда қалдырмақ та болыпты. Алайда бұдан үш күн бұрын мектеп бастығынан хат алыпты. Онда мейрам күнінде Комоланы үйге алу жайы айтылыпты. Бүгін демалыстың алғашқы күні мектеп экипажы Комоланы Ромештің Джорджипардағы бұрынғы пәтеріне алып барған. Сол пәтерде мен де болдым. Біз кіріп барғанда Комола алма тазалап отыр екен де, Ромеш оны құтты орнына қондырып жатыр екен. Бұл не қылғаның деген сұрағыма Ромеш қазіргі шақта ештеңе де айта алмайтынын білдірді. Мистер Комола менің жұбайым емес дегенді ескертсе-ақ, біз оның сөзіне бірден сеніп те қалған болар едік, тіпті туып қалған күдікті естуге тырысатын да едік. Алайда ол нақтылы жауап бергісі келмеді... Ал енді не демексің? Осыны естігеннен кейін де оған сене бермексіңдер ме?

    Джогендро Хемнолиниге тесіле қарап, жауап күтіп қалды.

    Қыз өңі қуарып кетті. Сабырлы қалпын сақтайын деп, кресло жақтауларын қармалай берді де, еңкейіп барып құлап түсті, есінен шығып қалды.

    Зәресі ұшып кеткен Оннода-бабу қызын құшағына алды.

    Не болып қалды, қарғам? Не болып қалды, қарғам? Оларға сенбе, бәрі де бекер, − деп шексіз қайталай берді.

    Джогендро, әкесін былай жіберді де, қарындасын диванға апарып жатқызды, содан соң қасында тұрған құмырадан су алып есігіне бүрке бастады. Окхой оны желпуішімен ынталана желпи берді.

    Бір уақытта Хемнолини көзін ашты. Шошып кетті де ыңқылдай бастады.

    Әке, Окхой-бабу бұл жерден тез кететін болсыншы!

    Окхой желпуішті қойды да, бөлмеден шыға беріп, есік сыртына барып тоқтады. Оннода-бабу қызының қасына барып отырды да, ауыр бір күйінішпен оның маңдайынан сипады.

    Не болды, жаным! Тынышталшы!

    Кенет Хемнолинидің көзінен жас парлап кетті. Өксігін баса алмай солқылдай берді. Әкесінің тізесіне басын салды, ішті алып бара жатқан қасірет отын сонымен баспақ сияқты.

    − Тынышталшы, жаным, қой енді, − дейді Оннода-бабу қарлыққан даусымен. − Мен Ромешті сонша жақсы білемін. Ол еш уақытта да мұндай арсыздыққа бармайды. Джоген, әрине, қателесіп отыр.

    Күйініп кеткен Джогендро шыдамады.

    − Бекерге үміттендірме, әке, қызыңды жұбандырам деп отырып, келер күннің бұдан зор уайымын арқалатпақсың ба оған. Ақылға келсін, мұрсат берші.

    Хемнолини бойын жазды да, ағасына қарап, кесіп сөйледі:

    − Бәрін де ақылға салып болғанмын. Оның өз аузынан ештеме естімей тұрып дәнеңеге де сенбейтінімді есіңе ұста.

    Осылай деді де ол түрегелді.

    − Тек құлап қалмашы, − деп қызын демеп, Оннода-бабу құрақ ұшып жүр.

    Хемнолини әкесінің қолына сүйене отырып, өз бөлмесіне келді де, төсегіне жатты.

    − Мені оңаша қалдыршы, әке, − деп сұранды ол, − мүмкін ұйықтармын.

    − Мүмкін Хори желпуіш желпіп отырар, жіберсем қайтеді? − деп сұрады Оннода-бабу.

    − Жоқ, жоқ, әке, маған ештеңе де керек емес.

    Оннода-бабу көрші бөлмеге шығып кетті. Ол қазір Хемнолинидің алты айлық кезінде қайтыс болған анасы жайында ойлады. Құлай берілгендігі мен ұстамдылығы, ақ көңіл жайдарылығы есіне түсті. Оннода-бабу, міне, енді қызын, Хемнолиниді мәпелеп өсірді. Хемнолини өз шешесіне тартып ер жетті. Сол Хемның қасірет шегіп жатқанын ойлағанда қарияның жүрегі шерленіп кетті. Қызымен қатарлас бөлмеде отырып ол:

    − Қайғы дегенді білме, менің қадірлі қызым, бақытты бол, − деді оған ойша, − шешеңмен барып табысқанша сенің қуанышты, бақытты болғаныңды, өзің сүйген адамның үйінен жайлы мекен тапқаныңды көруге сонша ынтызармын.

    Ол жасты көзін етегімен сүртті.

    Джогендро бұрын да әйел ақылы жайында биік пікірде болмайтын еді. Енді онысы әбден беки түсті. Әйел дегендер бұлтартпас дәлелдерге де сенбейді, не істерсің оларға! Екі жерде екі төрт болмайды деп үзілді-кесілді айта салудан тайынбайды да, басқалар қалай қарайды, онда шаруасы жоқ, махаббат дегенің үшін дүниенің бәрінен де безіп кетуге бар. Бұлтартпас дәлелдер қараны қара деп түсіндіреді ғой. Сөйтсе де махаббат үшін қараны ақ салсаң жаңағы бейшара айғақтардың талқанын шығаруға да бара алады олар. Жер бетінде әйел барда дүниенің қалай тіршілік құрып тұрғаны мүлде түсініксіз!

    Ақыры Джогендро ойдан сергіді де, Окхойды шақырды. Ол бөлмеге бір қырындап кірді.

    Ал, сен бәрін де естіген боларсың? Енді не істеуіміз керек? − деп сұрады Джогендро.

    Бұл іске менің басымды бекерге шырмайсың. Бұған менің де қатысым жоқ еді, сен келдің де осы бір қолайсыз оқиғаға апармадың да тастадың.

    Жетті! Кейін шағынарсың. Енді бізге бір-ақ жол қалды. Ромешті көндіру керек. Ол бұл жайды Хемнолиниге өзі айтатын болсын.

    Ақылыңнан адасқансың. Кімнің мойындағысы келуші еді өз қатесін.

    Егер хат жазатын болса тіпті жақсы. Қазірден бастап сенің онымен айналысуыңа тура келеді. Бір минутты да босқа өткізбеу і грек екенін ұмытпа, бірақ.

    Жақсы. Не амал табуға болатынын ойлап көрейін, − деді Окхой.

    ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ

    Кешкі сағат тоғызда Ромеш пен Комола Шнялдохо вокзалына аттанды. Ат айдаушыға шолақ көшелермен айналып, орағытып тұруды бұйырды. Экипаж Колутоладағы бізге таныс бір үйдің алдынан өте бергенде, Ромеш терезеден басын қылтитты да сұқтана қарады. Ештеңе де өзгермеген, бәрі де баяғысынша. Ол ауыр күрсінді, тіпті, қалғып отырған Комоланы да оятып жіберді.

    Не болды саған? − деп сұрады ол.

    Жайша, − деді Ромеш, содан кейін орнығып алды да, үндемей бара берді.

    Комола экипаж қабырғасына қайтадан шалқалап отырды да, ұйықтап кетті. Осы бір шақта Комоламен қатар отыру оған ауыр тиді.

    Станцияға олар уақытында келіп, күні бұрын алып қойған екінші класс купесіне барып жайғасты. Ромеш дивандардың біріне төсек салды, шам қалпағын басты, содан кейін қызға бұрылды:

    Жат, Комола, сенің дем алар шағың әлдеқашан болған.

    Пойыз қозғалысымен жатамын. Ал әзірше терезе алдында отыра тұруға рұқсат ет, − деп өтінді Комола.

    Ромеш қарсылық білдірген жоқ. Комола бір байларын басына тартты да, терезе алдына, диванның шетіне келіп отырды, платформадағы сансыз халыққа көз салды. Ал Ромеш жан-жағына жайбарақат қарап, ортадағы отырғышқа барып орналасып еді. Пойыз қозғалып жүре бергенде, ұшып тұрды, − платформаны бойлап жүгіріп келе жатқан біреу әлдебір таныс адам сияқты болып кетті.

    Бұл адамды Комола да аңдап қалып, рақаттана күлген еді. Ромеш терезеге үңіле қарап келеді. Кешігіп қалған жолаушы темір жол қызметкерінің қарсылық көрсеткеніне қарамастан вагонға ырғып мінді, ана адамның қолында шарфын да қалдырып қойды, екінші сәтте вагон терезесінен басын сорайтып, шарфына қолын созды. Осы шақта ол тіпті анық көрінді. Ромеш оның Окхой екенін таныды.

    Шарф жайындағы оқиғаға Комола ұзақ күлген еді.

    − Он жарым болып қалды, − деді Ромеш оған, − жүріп келе жатқанымызға да біраз болды, жатсаң деймін.

    Қыз көнді де жата бастады, көзі ұйқыға кеткенше күтумен болды.

    Ал Ромештің күлкі қазір не теңі. Окхойдың негізі Калькутта тұрғыны екенін, ауылдық жерде ешқандай ағайын-туғаны жоқ екенін Ромеш жақсы біледі. Олай болса, түн жамылып ол қайда асығып барады? Ромештің ізін аңдып жүргені анық қой.

    Окхой Ромеш туған қыстаққа барады, өткен жайды өсек етіп тарата бастайды, Ромештің дос-дұшпандары бар. Солардың арасына қилы-қилы сөз жорамалдар туғызбақ. Осындай ойлар келіп, жас жігіт қатты тынышсызданып кетті. Бар жағдай сиықсыз бір түрге түседі. Өз қыстағында туып кетер өсек-аяң, күстаналауды елестеткенде жүрегі мұздайды. Калькутта сияқты үлкен қалада еленбейсің, байқалмайсың ғой, ал шағын ғана қыстақ таяз су сияқты, − бір кішкене сырғыма болса, нағыз дауылдың өзіне айналып кетеді. Соны ойлаған сайын Ромеш азап шеге түсті.

    Барактурге тоқтағанда Ромеш терезеге зер сала отырды. Бірақ Окхой көзіне түспеді. Нахотида да сан-сапалақ адам түсіп, мініп жатты, олардың арасында да Окхой жоқ болып шықты. Богула стансасында да Ромеш Окхойды іздеп жұртқа үңіліп бағып еді, еңбегі зая болды. Окхой тіпті көрінбей қойды. Келесі кідірісте түсер деп үміттену де бекер болуы мүмкін сияқты.

    Жігіт түннің бір уағы болғанда ғана ұйықтады. Келесі күні таңертең пойыз Гойялондо вокзалына тоқтағанда, мойнына шарфын орап, қолына чемодан ұстаған күйі кеме жаққа асыға аяңдап бара жатқан Окхойды көрді.

    Ромеш мінетін кеменің жүруіне әлі де біраз уақыт бар еді, бірақ екінші айлақ түбінде басқа бір кеме жар салып, жүретінін паш етіп жатты.

    Кеме қайда барады? − деп сұрады Ромеш.

    Батысқа.

    Қай жерге дейін?

    Егер қайырлап қалмаса, Бенареске дейін.

    Ромеш палубаға көтерілді, каюталардың біріне Комоланы отырғызды да, жолға сүт пен күріш, банан алам деп жағаға шықты.

    Бұл кезде Окхой басқа жолаушыларды кимелеп, алғашқы кемеге түскен еді. Қиян-қилы сақтық жасап, кірген жұртты бақылауға қолайлы, елеусіз бір жерге орналасты. Бірақ жолаушылар онша асығар емес. Кеме жүрер мерзімінен кешеулеп қалды. Жұрт сол бір шақты пайдаланып, жуынып, шомылып жатыр, тіпті жағаға шығып, ас пісіріп, тамақ жеп жатқандар да бар. Ромеш Комоланы тамақтандырам деп әлде бір қонақ үйге кеткен шығар деп ойлады Окхой, Гойялондомен таныс болмағандықтан оларды іздеп бармады.

    Кеме жар салды, міне енді жүре бастамақ, ал Ромеш болса әлі көрінбейді. Жолаушылар қалтылдаған баспалдақпен асыға көтеріліп жатыр. Кеменің үздіксіз ұзақ айқайы оларды асықтыра түсті, жұрт көбейе берді, бірақ Ромеш әлі жоқ.

    Ақыры жұрт аяғы сап болды, баспалдақ жиылып алынды, капитан жүруге команда берді.

    − Түсуіме рұқсат етіңіздерші! − деп айқайлады тынышы кеткен Окхой, бірақ матростар оған ешқандай да көңіл аудармады. Жағаның әлі де жақын екенін пайдаланып Окхой суға секірді.

    Алайда ол Ромешті жағадан да кездестіре алмады. Бұдан бірнеше минут қана бұрын Калькуттаға пойыз жүрген екен, соны білген Окхой "кеше теміржолшымен жанжалдасып жатқанымды Ромеш байқап қалған ғой, мүмкін ол мұның теріс ниетін де аңдап қалған болар, сол себепті қыстаққа барудың орнына таңертеңгі пойызбен қайта Калькуттаға тартып отырған шығар" деп ойлады. Ал Калькуттада жасырынған адамды табу оңай да шаруа емес.

    ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУ

    Гойялондада Окхой күн ұзақ сенделді, ақыры кешке таман Калькуттаға баратын байланыс пойызына ілікті. Ертеңіне тура пойыздан түскен қалпында Ромештің Доржипардағы пәтеріне барды, бірақ есік құлыптаулы болып шықты. Олардың мұнда келмегені айқындалды.

    Ол Ромештің Колутоладағы мекеніне де бас сұқты, онда да ешкім жоқ. Содан Окхой Оннода-бабудың үйіне барды. Джогендроға Ромештің жылысып кеткенін, өзінің көз жазып қалғанын айтты.

    − Бұл қалай болды? − деп сұрады Джогендро.

    Ол барлық жайды ықтияттап айтып берді. Окхойды көрісімен Ромештің Комоланы ертіп қашып отырғаны Джогендро күдігін шыңдай түсті.

    − Алайда, біз үшін бұл дәлелдердің бәрі де жарамсыз, − деді Джогендро. − Хемнолини түгіл әкемнің өзі де баяғы бір ақымақтығын қайталай беретін болды. Өз аузынан естімей тұрып Ромештен үмітін үзбейді ол Егер Ромеш қазір келіп, бұл шақта ештеңе де айта алмайтынын білдіре отырып, Хемнолиниге үйленетінін айтса, әкем бар ғой, оған ойланбай-ақ көне кетер еді. Іс осыған жетті ғой. Мен бір қиналудамын. Әкем Хемнолинидің азап-жапа шегуіне жол бергісі келмейді, ал Хем болса, "Мейлі әйелі болса да, Ромешке шығамын" деп қыңыр жауап қайтаруға дайын. Қызын күйінішке салмас үшін, әкемнің бұған да көніп қалуы мүмкін. Енді бізге бір ғана жол бар: қандай бір амалмен болса да, тез арада Ромешті қармаққа іліктіріп, мойындаттыру керек. Жасыма, Окхой, бұл іске өзім-ақ араласар едім. Бірақ білек сыбанып төбелесіп кетуден басқа ешқандай амал-айла ойыма оралмай-ақ қойды. Ал қазір, бәрінен бұрын, жуынып кел, мына қалпыңмен шайға отыруға болмайды.

    Окхой жуынды да шайға келіп отырды. Ойланып қалды. Сол шақта қызын қолтықтап бөлмеге Оннода-бабу кірді. Бірақ Хем Окхойды көрді де теріс айналып шығып кетті.

    − Хемның мұнысы дұрыс емес, − деді Джогендро кейіс білдіре сөйлеп. − Оның ерсі қылықтарын қолпаштай берме, әке. Қайтару керек оны. Хем, Хем!

    Бұл кезде Хемнолини жоғарғы үйге барып та үлгірген еді.

    − Джоген! Сен менің ісімді бүлдіріп жатырсың, − деп қойды Окхой. − Мен жайында оған ештеңе де айтпа. Уақыт ұлы шипа ғой. Ал зорлық жасап бәрін де құртып алуға болады.

    Ол осыны айтты да, шайын ішіп, кетіп қалды.

    Окхойды шыдамсызсың деп айыптауға болмайтын да еді. Дүние бұған қырын қарап тұрса да ойына алғанынан ол қайтып көрген жоқ-ты. Ыстық қандылық та оның бойына қас қасиет емес-ті. Сонымен бірге ақылды қалыппен жоғары материя жайында толғана ойлап кететін менмен, асқақ адамдардың тобына да жатпайтын. Иә, ол ешқандай жәбір-жапа, қолайсыздықтарға да қысылып, ұялып, кіділік жасап көрмейтін. Жалпы алғанда, Окхой көнтерілі, қалай десе де бәрін көтере беретін көнбіс адам ғой.

    Окхой кеткен соң Оннода-бабу Хемнолиниді қайта алып келіп, шайға отырғызды. Өзі қуарып, жүдеп қалған, кейпінде кірбің бар.

    Қыз көзін төмен салып кірген еді. Ромеш пен бұған ашулы іс-қылықтарын қатты айыптап отыр деп, Джогендроға қарай да алмайды. Қаймыға береді.

    Хемнолиниге сенім берген сүйіспеншілік ақыл алдында дәрменсіз еді. Алдыңғы күні Джогендро алдында Ромешке деген айнымас сенімін танытқан қыз қараңғы түнде оңаша бөлмеде өз ойымен қалғанда тыныш жата алмаған-ды.

    Әдепкіде ол, әрине Ромеш мінезінен күдік алар ештеңе де таппаған, сол себепті оған берген сертінде қалып, өз жүрегінің берік, бекінісіне ешбір жаманат ойды жолатпап еді. Сөйтсе де, сол бір күдікті ойлар сенім қақпасын қасарыса қайта келіп қаға берген-ді.

    Қатерлі өлімнен қорғаштамақ болып, өз баласын көкірегіне басқан анаға ұқсап, Хемнолини де Ромешке деген бар сенімін сақтап қалуға, жаманат ойлардан арашалап алуға бағып еді. Дариға-ай, қайтесің! Кейде қажыр-қайратынан да айырылып қалар басы жұмыр пендеміз ғой.

    Оннода-бабу бұл түнді Хемнолиниге көрші бөлмеде өткеріп шыққан еді. Қызының мазасы кетіп, дөңбекшіп жатқанын да естіді, шыдай алмай қайта-кайта бара да берді. Бірақ:

    − Ұйықтай алмай жатырсың ба, жаным? − деген сұраққа үнемі:

    − Ал сен неге ұйықтамайсың, әке? Менің міне көзім ілініп барады... Міне, қазір ұйықтап қаламын! − деген жауап алумен болды.

    Таң сәріде Хемнолини төбеге көтерілді. Ромеш пәтерінің есік-терезелері жабық тұр.

    Шығыстағы ақ басты шың құздардан асып, күн арайлап келеді. Кенет осы бір жаңа туып келе жатқан күн бар үміт-тілектен ада, соншалықты күңгірт сияқтанып кетті. Хемнолини қолымен бетін басып отыра берді де, солқылдап жылап жіберді. Енді оған ешкім де келмейді, шайға ешкім де күте алмайды. Жақын адамың көрші тұрады деген қуанышты ойдан да ада боласың енді.

    − Хем! Хем!

    Хемнолини асыға тұрды да, көзін сүртті.

    − Не нәрсе, әке? − деді ол

    Оннода-бабу қызына келді, еркелете арқасынан қақты да былай деді:

    − Бүгін мен кеш ояндым.

    Түн бойы ол Хемнолиниді ойлап, көз шырымын ала алмай, таң ата ғана ұйықтаған еді. Кешікпей күн де сәулесін оның кірпігіне қадады. Оннода-бабу енді төбеге көтеріліп еді. Жалғыз жабығып отырған Хемнолиниді көргенде жүрегі сыздап кетті.

    − Жаным, жүр шай ішейік! − деді ол

    Хемнолинидің Джогендромен бірге шайға отырғысы келмеп еді, бірақ ол дағдылы қағидалардан сәл ауытқудың өзі де әкесін кейітіп тастайтынын жақсы білетін. Оның үстіне күн сайын шайды әкесіне өзі құйып беріп отыратын еді, оған деген сол бір кішкене қызметтен бас тартпады.

    Сол себепті таңертең Оннода-бабу шайға шақыра келгенде ол әкесінің қолына сүйеніп, ас үйге беттеді.

    Төменге түсіп есік сыртына келгенде-ақ ол Джогендроның әлде біреумен сөйлесіп жатқанын естіді. Жүрегі лүпілдеп кетті. Хемнолини оны Ромеш екен деп қалды, − осындай ертемен одан басқа кім келе қоюшы еді мұнда!

    Шалыс басып ол бөлмеге кірді, бірақ Окхойды көрді де, өзін-өзі ұстай алмай, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.

    Оннода-бабу оны екінші рет алып кірді. Сонда ғана ол әкесіне жақындай отырып басын төмен салған қалпында шай жасай бастады.

    Хемнолини қылығына кейіген Джогендро терісіне сыймай буырқанып отырды.

    Ромешке бола қарындасының соншалықты жапа шегуі Джогендроны бей жай қалыс қалдыра алмады. Бірақ Оннода-бабу оның қайғысына ортақтасып отырғанын, ал Хем болса, әке мейірбандығына арқаланып, бүкіл дүниеден оқшауланып қалмақ жайын байқағанда Джогендроның зығырданы қайнап кетті.

    "Бәріміз де бір қылмысты адамдар сияқтымыз, − деп ойлады ол, − біз оған деген сүйіспеншілік қарызын өтемек боламыз, бақытын ойлаймыз, тағдырын шешеміз. Сөйтіп өз парызымызды өтегіміз келеді! Соған орай жауап не? Рақмет айту былай тұрсын, айыптайды. Ал әкем болса ештеңе де түсінбейді. Жұбата берер уақыт өтті, батыл соққы беру мерзімі жетті, ал әкем Хемды аяп, ащы шындықты бүкпелей береді".

    − Әке, не болғанын білесің бе? − деп Джогендро Оннода-бабуға қарады.

    − Жоқ. Не нәрсе ол? − деп үрейлене сұрады ол

    − Кеше Ромеш әйелін алып, Гойялондо пойызымен еліне аттанған екен, бірақ сол пойызда Окхойдың барын көріп қайтадан Калькуттаға қашып тығылыпты.

    Шай құйып отырған Хемнолинидің қолы қалтырап кетті, шай шайқала төгіліп қалды. Қыз креслоға сылқ етіп отыра кетті.

    Қарындасына көзінің қиығын қадай отырып, Джогендро әңгімесін соза берді.

    − Оған жасырынбақ ойнаудың неменеге керек болғанын түсінбеймін. Оның бәрі Окхойға бұрыннан да таныс нәрсе ғой. Ромештің бұрынғы қылығының өзін де сүйкімді деуге болмайтын еді, ал мына қорқақтығы, ұрыдай асыға ұрланып жүруі − маған тым жиіркенішті-ақ көрінеді! Бұл жөнінде Хемның не ойлайтынын мен білмеймін. Бірақ, меніңше оның қашып жүргені, күнәлілігінің толық айғағы болып табылады.

    Қалшылдап кеткен Хемнолини көтеріле берді.

    − Мен ешбір айғақ іздемеймін, дада! Оны айыптағыларың келеді екен − өз істерің... Мен оған сот емеспін, − деді ол.

    − Сен өмірлік жолдас етіп таңдар адамға біз бей жай қарай аламыз ба? − деп қойды Джогендро.

    − Той жайында сөз қозғаудың керегі не енді! Сіздер оны болдырмауға тырысып жүрген жоқсыздар ма, мейлі солай-ақ болсын, бірақ менің шешімімді өзгертем деп әуре болмай-ақ қойыңыздар.

    Одан әрі қыз төзе алмады, солқылдап жылап жіберді. Оннода-бабу асыға тұрды да, оның көз жасы жуған жүзін кеудесіне басты, содан кейін:

    − Жоғарыға барайық, Хем! — деді.

    ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУ

    Кеме жағадан қозғалып кетті Бірінші, екінші класта бірде-бір жолаушы болмаған еді. Ромеш каюталардың біріне барып өзіне төсек салды. Ертеңіне Комола сүт ішті, содан кейін өз есігін шалқалай ашып тастады да, өзенді, кейіндеп қалып жатқан жағаны тамашалады.

    − Қайда кетіп бара жатқанымызды білесің бе, Комола? — деп сұрады Ромеш.

    − Сенің еліңе.

    − Саған қыстақ ұнамайтын еді ғой, біз міне енді онда бармайтын боламыз.

    − Еліңе барудан мен үшін айныдың ба?

    − Әрине, бір сен үшін ғана.

    − Несіне олай еттің? — деп Комола салмақпен сөйледі. — Мылжыңдап отырып, менің не болса, соны айтуым мүмкін ғой, ал соның бәрін сен шын деп ойлай бермекпісің! Сондай ұсақ нәрсені көңіліңе алып қалудың қай жағындасың?

    − Өкпелеу деген ойыма да келген емес, − деп күлді Ромеш, − қыстаққа өзімнің барғым келген жоқ.

    − Олай болса біз қайда кетіп барамыз? − деп сұрады Комола.

    − Батысқа.

    "Батыс" дегенді естіп, Комола таңырқап қалды.

    Батыс!.. Бұл сөзді айтқанда от басынан аттап шықпаған адамның көз алдына не келіп елестемейді.

    Батыста әулие мекендері, жанға шипа ауа, көрікті пейзаждар мен қалалар бар. Империя мен патшалардың өткенгі даңқы да, ғаламат ғибадатханалар да сонда. Ал жауынгерлік жорықтар жайлы аңыз-әңгімелер, көне ертегілер қаншама десеңші.

    Барынша масаттанған қыз сұрай берді.

    − Атап айтқанда қай жерге барамыз?

    − Әзірге нақтылы шешім жоқ, Мунгер мен Патнуды, Данапур мен Боксарды, Гаджипур мен Бенаресті аралап өтуімізге тура келеді, солардың біріне тоқтайтын болармыз.

    Соншалық белгілі дс бейтаныс қалалардың атын санап өткенде Комола қиялы тіпті шалқып кетті.

    − Тамаша ғой бұл! − деп қол соғып жіберді.

    − Тамашасы кейін болады! Ең алдымен біз қайдан тамақтанамыз, соны ойластыру керек. Кеме асханасында матростар дайындаған тағамды мүмкін сен жемейтін боларсың!

    − Ондай сұмдықты атай көрме! − деп Комола қабағына кірбең алып, дауыстап жіберді. − Әрине, жемеймін.

    − Сонда табар амалың қайсы?

    − Тамақты өзім дайындайтын боламын.

    − Тамақ пісіре білуші ме едің?

    Комола күліп жіберді.

    − Мені кім деп қарайтыныңа түсінбеймін! Неліктен білмеуге тиіспін! Бала емеспін ғой, ағамның үйінде ас-су дайындаумен көзім шыққан жоқ па!

    Ромеш қапы соғып қалды:

    − Сұрағым шынында да орынсыз екен. Ал кәне, онда наубатхана жасауға кірісейік. Сен бұған қалай қарайсың?

    Ромеш шығып кетті де, бір кішкене темір пеш алып келді. Сонымен бірге осы кемеде келе жатқан каястха кастасынан шыққан Умеш атты баламен келісіпті. Болмашы ақы мен Бенареске дейінгі билет үшін ол бұларға су әкеп, ыдыс-аяқ жуып, тағы басқа жұмыстарды атқарып бермек болған.

    − Комола, бүгін біз не пісіреміз? − деп сұрады Ромеш.

    − Сен бір көп азық әкеліп беріп пе едің маған? − деді Комола. − Күріш пен бұршақ қана бар! Күріш пен бұршақ бұқтырамыз да.

    Тамаққа керекті бұрыш, даршын, қалампырларды Ромеш матростардан алды, бірақ оның шаруаға қырсыз екенін Комола әжуа етті.

    − Ал жақсы! Жалғыз бараһатпен не істемекпін? Және шилнорсыз оны қалай ұнтамақпын?

    Қыз сөзін мойынсұна тыңдаған Ромеш шилнор іздеумен болды. Оны табу да оңай емес еді. Ақыры матростар темір келі тауып алды да Комолаға әкеп берді.

    Бірақ Комола бараһатты келіге салып түюді білмейді екен, сол себепті абыржыңқырап қалды.

    − Онда біреу-міреуді шақырайық, көмектесіп жіберсін, − деп ұсыныс жасады Ромеш, бірақ қолдау таба алмады. Бұл жұмысқа Комоланың өзі-ақ кірісіп кетті. .

    Дағдыланып көрмеген нәрсе қайта оны рақаттандыра түсетіндей. Бараһат жан-жаққа шашырап жатыр, қыз күлкісін де тыя алмады. Оған қарап, Ромеш те мәз-мейрам болды.

    Бараһат бірыңғайланған соң, Комола сариінің етегін беліне түріп алды да, тамақ пісіруге кірісті. Бұл жерде Калькуттадан тәтті салып ала шыққан құмыра да қажетке жарап қалды. Сол құмыраны отқа қойды да Комола Ромешке қарады:

    − Тез барып шомылып кел, міне қазір бәрі де дайын болады.

    Ромеш тамаққа уақытымен оралды.

    Бұл жерде бір киындық та туып қалды − бұларда тағам салатын ыдыс-аяқ та жоқ еді.

    − Ыдыс-аяқты матростардан да алуға болар еді, − деп Ромеш қаймыға ұсыныс жасады.

    Оның ойламай айтқан бұл сөзі Комоланы түршіктіріп жіберді. Ромеш бұрын да осындай бір күнәлар жасағанын мойындады.

    − Оның бәрі де өтіп кеткен іс, − деді Комола. − Бірақ келешекте ондайыңа жол бере алмаспын!

    Содан кейін құмыра қақпағын алып, тазалап жуды да Ромешке ұсынды.

    − Бүгін осы ыдыстан-ақ же, кейін басқа бір жөні болар.

    Палубаның бұлар отырған жері тазаланып, тәртіпке келген соң, Ромеш тамақ ішуге кірісті. Дәмін татып, мақтап та жатыр.

    − Келеке етпе, жеші, − деп Комола қысыла сөйледі.

    − Жә, бұл жерде қандай келеке бар! Қазір өз көзің жететін болады.

    Осыларды айта отырып, ол ыдысты қалай босатқанын да сезбеді, тағы да сұрады. Бұл жолы қыз молырақ салып берді.

    − Сен не істеп отырсың, өзіңе тіпті ештеңе де қалдырмадың ғой деймін!

    − Әлі де бар мұнда, уайымдама, − деді Комола. Оның тамақ пісіру өнеріне Ромештің соншалықты көңіл аударуы қызды қуантып тастады.

    − Ал өзің қалай тамақтанасың? − деп сұрады Ромеш.

    − Осы ыдыспен.

    − Жоқ, бұл болмайды, − деп Ромеш тынышсызданып қалды.

    − Неге? − деп Комола таңырқай сұрады.

    − Жоқ, жоқ болмайды!

    − Неге істейтінімді білем ғой, − деп қыз қарсылық білдірді.

    − Умеш! Тамақты сен немен жемексің? — деп дауыстады Ромеш.

    − Анда төменде тәтті сатылып жатыр. Дүкеншіден барып шалово ағашының жапырағын аламын.

    − Тыңда, Комола, − деп Ромеш қызға қарады, − егер тамақты мына қақпаққа салып жейтін болсаң, әкел мен жақсылап тұрып жуып берейін.

    − Жынданып кеттің бе? − деп Комола ашулана сөйледі.

    Аз-кем уақыттан соң, тағы да былай деді:

    − Енді пан дайындайды екен деп ойлама, қуыс ыдыс жоқ.

    − Төменде біреу пан сатып жатыр, − деп жауап берді Ромеш.

    Олардың шаруашылық негізі осылай пәлендей қиындықсыз-ақ құрала бастаған еді. Бірақ Ромештің көңілі тыншымады: ол әйелдің міндеті деп танып, Комола жасар қамқорлықтан құтылудың жолын ойлаумен болды.

    Үй шаруашылығын атқаруда Комола ешқандай ақыл, көмек тілеген емес. Ұзақ жылдар бойы ол ағасының балаларын қарап, тамағын дайындаған, үй ішіндегі жұмыстың бәрі де мұның мойнында болған-ды, Ромеш қыздың ептілігі мен ынталылығына, еңбексүйгіштігіне қатты сүйсінген еді, сөйтсе де келешекте өзара қарым-қатынастарының қалай қалыптасарын да ойлаумен болды.

    "Мен онымен бірге тұра алмаймын, қалдырып та кете алмаймын", − деді өзіне-өзі. Сонда Комолаға деген қарым-қатынастың шегі неде? Егер оның жанында Хемнолини болса, бәрінің де реті табылар еді. Бірақ қайтсе де бұл үмітпен қоштасуға тура келді Ал Комоламен оңаша отырып, мәселенің басын ашып алу оңайға соқпайтын да сияқты. Ақыр соңында Ромеш Комолаға бәрін де айтпақ болды, жасырынбақ ойнауды қоятын уақыт жетті деп түйді өз ойын.

    ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУ

    Кешке жақын кеме қайырлап қалды. Команда біткен шығарып аламыз деп көп азаптанды, бірақ, ұзақ күн нәтижесіз, зая кетті.

    Биік жағадан өзенге қарай көлбей түсіп, су құстарының ізімен айғыздалған құм жазық жатыр. Мұнда күн батар алдында соңғы рет су алуға қыстақ әйелдері келген. Кеме оларға таңсық, әуес көрінеді, − біреулері бет пердесін алмай қаймыға қараса, екіншілері ашық жүзімен батыл көз салады. Жар шетінде бір топ қыстақ балалары асыр салады, осы бір тұмсығын көтерген өжет кеменің қиындыққа кезігіп қалғанын қызықтап, айқай салып шуласады.

    Екінші жағадағы құлазыған құм қырқалардан асып, күн ұясына қонды. Ромеш қараңғылық үйіріліп келе жатқан бейуақта палуба тұтқасынан ұстап, күннің қызыл арайымен нұрланған батыс жақ көкжиекке қарап ұзақ тұрды. Комола қолдан қалқайтқан наубатханасынан шықты да, каюта табалдырығына келіп тоқтады.

    Ромештің көңілін өзіне қалай аударарын да білмеді, ақырын ғана жөтеліп те қойды, бірақ нәтижесі болмады. Сол сәтте ол қосақталған бір топ кілтпен есікті ұра бастады. Кілт даусы жер көкті алып кеткен соң Ромеш бері қарады. Комоланы көрді де жақын келді.

    − Мені шақырудың бұл қандай амалы? − деп сұрады.

    − Енді қайтпекпін?

    − Әке-шешем не үшін ат қойған маған? Егер керек болсам Ромеш деп неге айтпасқа?

    Тағы да бір арзанқол әзіл. Қыз құлағына дейін қызарып кетті. Осы сәтте батыс аспандағы жалынды реңк осы Комоладан тарап тұрғандай болып көрінді. Басын төмен иді де ол былай деді:

    − Айтып тұрғаның іс емес! Тыңда, тамақ дайын болды. Азанда асты аз іштің ғой, қарның ашқан шығар, кешкілікте ертерек іш.

    Өзеннің таза ауасы Ромештің аранын ашқан еді, бірақ ол азық-түліктің жетімсіздігіне бола, Комоланың тынышы кетер деп үндемеген. Міне енді күтпеген ұсыныс Ромешті қуандырып тастады. Және бұл қуаныш жалғыз тамаққа да байланысты емес еді, оның есен-саулығы жайында тағдырдың өзі қам жеп жатыр, сол себепті Ромештің тағдыр ырқына табынбауға қақысы жоқ деген ой келді. Дегенмен мұның бәрі бір қателіктен болар деген азапты ойдан да құтыла алмай-ақ қойды. Ромеш ауыр күрсінді, иығы салбырап каютаға енді.

    Оның көңілсіз түрін көріп, Комола таңырқай, сұрана қарады.

    − Сенің тамақ ішкің келмейтін сияқты ғой. Неғып қарның ашпады? Бірақ ішпесең зорламаймын.

    Алайда Ромеш жасанды бір көңілсіздікпен асыға жауап берді:

    − Зорлаудың керегі не, ол менің асқазанымның шаруасы ғой. Тағы бір ретте осылай кілтті даңғырлатып мені дастарқанға шақыра бастасаң Мадхусудонның өзі келіп қалып жүрмесін, байқа! Жейтіндей ештеңе көре алмай тұрмын-ау мен! − деп ол сөйлей берді, қаншама ашығып келсем де, мына сияқты заттар сіңе қояр ма екен! − Ромеш каюта ішіндегі заттар мен төсек-орынды нұсқады.

    − Кішкентай кезімнен бері мені мүлде басқа тамаққа үйреткен-ді.

    Комола ішек-сілесі қата, ұзақ күлді.

    − Міне, енді шыдамың жетпей жатыр! Палубаға сүйеніп тұрдың, аспанға қарадың, ашыққаныңды да, шөліркегеніңді де сезген жоқсың. Ал шақыру ғана мұң екен, қарның ашқаны бірден ойыңа келе қалды! Жақсы, жақсы! Бір сәт күте тұр, қазір әкелемін.

    − Иә, шапшаңырақ қимылда, әйтпесе, қайтып келгеніңде төсек-орныңды да көре алмай қаларсың! Онда өкпелемеуіңді сұраймын.

    Осы бір-екі қайыра қайталанған әзіл қызға көп рақат әкелді. Шын қуанып, әсем де толқынды күлкісімен бөлме ішін толтырып, ол шығып кетті. Ромештің бояма көңілділігі сол сәтте ғайып болды.

    Комола көп кешікпей беті шалово ағашының жапырағымен жабылған шетен себетті алып келді де, кереует үстіне қойды, сариінің ұшымен еденді сүрте бастады.

    − Не істеп жатырсың? − деп Ромеш мазасыздана сұрады.

    − Бәрібір, мен қазір көйлек ауыстырып киемін.

    Комола осыны айтты да, шалово жапырақтарын еденге жайды. Оның үстіне лучи мен көкөністерді апарып жайғастырды.

    − Міне, керемет! Лучиді қайдан алдың? − деп таңырқады Ромеш. Бірақ Комола соншалықты оңай сыр алдыруды тіптен қаламаған еді.

    − Ал сен қалай ойлайсың? − деді ол тұңғиық бір кейіппен. Ромеш қатты қиналысқа түсетіндей қалып білдірді.

    − Сөз жоқ, команда қорынан алдың!

    − Саған не болған! Мүмкін емес қой! − деп Комола ашулана сөйледі.

    Ромеш лучиды қайдан, қалай алудың не бір әдістерін жорамалдап, Комоланы ызаландыра отырып, соғып жей бастады. Ақыр соңында осы бір араб хикаяларының қаһарманы, сиқырлы шамның иесі Аладин мұны өзін құрметтейтін адамына Белуджистаннан жіберген болар деді. Қыздың шыдамы таусылды.

    − Жетті енді! Мен саған ештеңе де айтпаймын! − деді ол теріс айналып.

    − Жоқ, жоқ! Жеңілгенімді мойындаймын. Әрине өзен үстінде жүріп лучиды қалай дайындауға болатынын табу қиын-ақ, ал өзі соншалықты дәмді екен, − деді Ромеш.

    Және өзінің білім құмарлығын, асқа деген тәбеті мүлде басып кеткенін ықыластана отырып дәлелдеді.

    Кеме қайырлап қалған соң-ақ Комола өзінің қаңырап тұрған қоймасына береке болсын деген ниетпен Умешті қыстаққа жіберген. Анада мектепке аттанарда Ромеш берген ақшадан аздап қалған да болатын. Сонысын ол мен ұнға жұмсап еді.

    − Ал сенің неге көңілің соғады, Умеш? − деп сұрады Комола баладан.

    − Сүт сатушыдан мен жақсы ірімшік көрген едім, бану, ал бізде баян бар ғой. Егер тағы бір-екі пайеаға ақталған күріш сатып алсақ, мен бүгін тамаша тағам жасаған болар едім, − деп жауап берді бала.

    − Аз да болса ақша қалды ма сенде, Умеш? − деді Комола.

    − Ештеңе де қалған жоқ шешей.

    Комола қиналып қалды. Ақша керек екенін Ромешке айтуға қалай батылы жететінін ол ойлай да алмады. Аз-кемнен соң Комола:

    − Тәттіге бүгін ақша жетпейді, бірақ сен уайым жеме, бізде лучи бар. Барып нан илейміз, − деді.

    − Шешетай, мен жақсы ірімшік көрдім деп тұрмын ғой. Оны қайтеміз?

    − Умеш, сен бүгін мырза келіп асқа отырғанда оған ондай-мұндай сатып алуға ақша сұра.

    Умеш желкесін қасып, ұяла жақындап келгенде, Ромеш тамақтанып та жатқан еді. Ромеш қарағанда, бала былдырлап, байланыссыз сөйледі:

    − Шешетай... ақша жайында... сатып алу үшін...

    Сонда ғана Ромештің ойына тамақ әзірлеу үшін ақша керек екені, Аладинның сиқырлы шамы бұл жерде ешбір көмектесе алмайтыны алғаш рет келіп түсті.

    − Сенде мүлде ақша жоқ қой, Комола, оны менің есіме өзің неге салмайсың? − деп Ромеш мазасыздана сұрады.

    Қыз үндемеді, бұл қатені өз мойнына алды.

    Кешкі тамақтан кейін Ромеш оған кішкене бір қобдишаны ұсынды:

    − Бүгіннен бастап асыл заттарың мен ақшаңды осыған салатын бол

    Үй шаруашылығының бар азап-ауыртпалығы енді Комоланың мойнына жүктелді деп ойлап, жайбарақаттанған Ромеш тағы да келіп палуба тұтқасынан ұстады, көкжиегі қараңғылыққа тұнып бара жатқан батысқа көз жіберді.

    Умеш ақыры банан мен күріш, ірімшік араластырып өзіне тамақ пісіріп жатты, ал Комола оның алдында түрегеліп тұрып, өткен өмірін сұрады.

    Умеш үйінде өгей шеше әмірші болған, мұның тұрмысы ауыр екен. Умеш қашып шыққан, енді өз шешесінің Бенарестегі апасына бармақ.

    − Егер, шешетай, сен қасыңда қалдыратын болсаң, мен ешқайда да кетпес едім, − деп түйді ол сөзін.

    Комола жүрегінің терең түкпірінде жатқан аналық сезім жетім баланың мына көңіл толқытарлық өтінішіне тебірене оянып кетті.

    − Өте жақсы, Умеш, сен бізбен бірге боласың, − деп мейірлене айтты ол.

    ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУ

    Сызықтай болып тұтаса қарауытып жатқан жаға шіліктері түн − қалыңдықтың қамқа киіміне көмкерме әдіп сияқты. Кешке дейін қыстақ төңірегінде жайылымда болған бір топ жабайы үйрек өшіп бара жатқан күн сәулесі астымен қарсы беттегі тыныш көлге түнеуге тартты. Ұясына қонған шуылы да басылды. Өзен бетінде бірде-бір қайық қалмаған, тек бір жуан арқанмен тартылған үлкен желкенді кеменің қарауытқан нобайы алтын-жалқын су бетінде бөліне, айқындала көрінеді.

    Ромеш өзінің шетел креслосын жаңа ай сәулесі толықси түсіп тұрған кеме тұмсығына жылжытты.

    Аспанның батысында ойнаған күннің соңғы нұры да түгел сөнді, мына ай сәулесінің сиқырлы шымылдығымен қоршалған байтақ дүние енді еріп кеткендей.

    "Хем, Хем!" − деп Роме
fb2epub
Перетащите файлы сюда, не более 5 за один раз