Баяғыда бір ханның жалғыз ұлы өліп, көңіл айтуға Едіге би келгенде, басын көтерместен, «менің бұл қайғым қайтсе қалады» деп сұрапты дейді. Сонда Едіге би:
– Ей, ханым,- десе керек.
– Ей, ханым, сенің бұл қайғың,
Келелі бидің кеңесінде қалады,
Биік таудың төбесінде қалады,
Өзен судың көбесінде қалады,
Қыран құстың қияғында қалады,
Жүйрік аттың тұяғында қалады,
Сұлу жардың қойнында қалады,
Ұлы тойдың ойнында қалады,
Осы айтқанымды істемесең,
Өле-өлгенше өзіңнің мойныңда қалады,-
деген екен.