МІРСЕЙІТ ПЕН ТІПТАЗАНЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ
Мірсейіт Шәріфтің өзіне-өзі айтқан сөздің мағынасы:
- Сен бұл мәжіліске келгенде, өзіңді зор санап: «Сол жерде отырсам да, танытармын өзімді!»,- деп кәбүрәді [1], тәкәббүрлікті [2] көлік қылып мініп келген едің. Енді оған бір ноқат қосып, соған мініп кайттың. Бәрекелді!»- дегені екен.
Кәбүрәға бір ноқат қосса кер болады. «Кер»- деп, сарт тілінде қонақты айтады екен: «Алған олжаң сол - қонағыңды ұстап қайттың»,- дегені екен.
«Бай бастас, би құлақтас» дегендей, Мірсейіт шәріф қожа Баһауалдинге жолығып, өзінің жоқ жерде орнын таппай отырғандығынан жығылып қалғандығын сөйледі дейді.
Қожа Баһауалдин қожа намысына тартып:
- Әмір Темірге арыз (ғарыз) бер: «Бір мәжіліс жасап, екеуімізді екі жағына алып отырып, бір сөйлестір»- деп, және мұны ғарызыңда қоса бер, оның шәкірттері (шәкіртлері) көп, әрбіреуі өзіндей болып жетіліп қалған. Ғұлама Тіптазанының өзінен басқа бір де бірі сөйлемейтұғын болсын. Сонан соң ойыңа алған сөзіңді сұра. Мен о бәлемнің алқымынан алайын, аузы аңқиып, соз сөйлей алмай аңырайсын да қалсын!-депті.
Мірсейіт шәріф Әмір Темірге ғарыз қылыпты. Сонан соң Әмір Темір зор сияпат (зияпат) жасап, ғалым-ғұламалардан жан қалдырмай бастарын қосып, екеуін екі жағына алып отырыпты. Және ғұламаның шәкірттеріне жарлық қылыпты:
- Бір де бірің бір ауыз ләм-мим деуші болмаңдар! Егер сөйлесеңдер, тілдеріңді кестіремін!- депті.
- Ал, сөз бастаңдар!- дегенде Мірсейіт шәріф Тіптазаныдан:
- Ғылым қай мақалладан?- депті.
Білгені не керек, аузына сөз түспей, аңқиып тұрыпты да қалыпты. Сонда Тіптазанының бір шәкірті шыдай алмай:
- Кәйф [3], бір йәд [4], сітт [5] нәша [6] биар еді, - депті.
- Мірсейіт шәріф:
- Әне-әне айтып қойды. «Кәйфәміз кетті ғой, нәша келтіріңдер»- деп, отырғаны: оның кәйфы кетіп, нәша сұрағаны емес, ғылым кэйфә мақалласынан еді. Ұстазы дағдарып тұрып қалған соң, аузына сөз салып отырғаны,- депті.
Әмір Темір сөйлегішінің тілінің ұшын кестіріп, сонан ол имам Кәстілі атанып, ғақайырға көп шарх [7] сөйлеген.