Жаз ортасының жарық түні. Маңдайға таман көтеріліп, келген ай мұңлы сәулесін мәңгілік сабырмен таратып тұр. Теңгедей бұлты жоқ таза аспанда таласып жымыңдаған қызғылт, жасыл, сарғыш түсті жұлдыздар тұңғиық аспанның елбіреп қараған от көздеріндей. Түн аспаны сансыз жұлдыздай көздерімен сезімді көңілге ым қаққандай болады. Жұлдызды аспанға. анда-санда айтылатын жер жырын, тіршілік ертегісін тыңдағысы келеді.
Қоңыр.сезімді сұлу аспан әсіресе Қаражалдың тоғайлы өзегінен әңгіме күтіп, телміріп төнгендей. Қаражал жайлаудағы елдің бір жақсы қонысы болатын.