Түн. Көшеде ғана түн. Ал пәтер іші күндізгідей жарық. Төбеден салбыраған люстраның жарығы, әрине, күн жарығына сәл-пәл жетпейді. Бес жасар Таймасқа жарықтың қайта әлсіз болғаны жақсы. Жарық әлсіз болса жақсы ойланасың. Бөлме ішіндегі заттар көзге анық шалына бермейді, ой бөлінбейді. Сонымен Таймас – Тити ойланып отыр.
Шындығында Таймастың Таймас екендігін балалар бақшасындағы, подъездегі тетелестерінің көбі біле бермейді, бәрі жаппай Тити деп атайды. Оған кінәлі Таймастың өзі. Екі жасқа жете бере тілі шығып, былдырлай бастаған. Дәл осындай қысқы кеште папасы мен мамасы: «Таймас, сен дәу жігітке айналып, есейіп қалдың. Әр заттың, әр баланың өз есімі болады – осыны біліп қой. Мәселен, әне, анау төрдегі, саған күнде кешке мультфильм көрсетіп беретін сирақты қобдидың аты – телевизор. Кәне, телевизор деші?»– деген. Таймас папасы мен мамасына бір, экранды қобдиға екі қараған. Сосын сұқ саусағын жып еткізіп аузына апара