БАҚБАҚ БАСЫ ТОЛҒАН КҮН
повесть
– Тұр, Заманбек, тұра ғой.
Жұмсақ алақан басымнан, бетімнен сипады. Бұл Күләш, ұзын сирақ класком қыз Күләш қой. Сен қайдан жүрсің, Күләш? Қайтадан дос болғың келе ме? Ал анау жолы неге бұрылып кетіп қалдың? Тағы ап-ауыр портфеліңмен соқпақшы болдың. Ендеше жолдасты басқа жерден тауып ал, мен сенімен бірге мектептен қайта қоймаспын. Солай, қайтпаймын деген соң қайтпаймын.
Салтанатты музыка ойналды. Ол жүрегімнен шымырлап шығып жатыр.
– Қайырлы күн, жолдастар! Бүгін күн жексенбі. Алматы уақыты таңғы сағат алты.
Мәссаған, Күләшқа не болған? Смирно ағайдың жуан, тарғыл даусымен Қапшағай электростанциясының салынып біткендігін маңыздана нақыштап айтады. Мүмкін, ағайды мазақтап тұрған шығар? Ой, сіз білмейсіз, класком қыз сондай тентек бала. Әнекүні шашын желп еткізіп, сондай қап-қара жанарымен көзімді жыпылықтата бұқтырып тұрып: «Сен ақымақсың!»– деді. Ақымақ дегені – төбесіндегі көкпеңбек көбелек лентасынан тартып қалғанмын.
Heгe екенін қайдам, Күләш маған қандай ауыр сөз айтса да ренжімеймін. Әдейі осы бір ашуланып көрейінші деп бел байлағаныммен, кекілді қыз туралы жаман ойлар басыма қонақтамай-ақ қойды. Сол жылы да ұзын сирақ қыздың қорлығына қашанғы шыдаймын деп, бар шақарлығымды салып едім, тағы түк шықпады. Ашулана алмайды екенсің, тым болмаса күле білу керек. Бетіне қарап жымиып едім, не айтты дейсің ғой? «Неменеге мәз боласың, саған әлі ақылдысын дей қойғамын жоқ».
– Мынау тұра ма, ей, жоқ па?– Әлуетті біреу жағамнан жұлқыды. «Тұра ма ейі» несі? Қасымдағы