Тфу, атаңа нәлет! Пышағым ет жеген жерімде қалып қойыпты,— деді бұлқан-талқан ашуланып.
- Садаға, менікін алыңыз...— деп, алтауы бірдей шошаң қағысып пышақтарын ұсынып еді, қай бұрынын алып, қолындағы жаңқаны үшкілдеп ұштады. Тісінің арасын шұқыды. Тілге жаңа келді.
- Сендер мені осы жерден күтесіңдер.
- Сіз қайда барасыз?!
- Керейден тігерге тұяқ алмай кері оралу — туасымда жоқ ырым.
- Біз де барамыз. «Аузы күйген үріп ішер» деген. Енді берік болармыз, Садаға,— деп, әлденеден құр қалатындай жамырасты жігіттер.
- Жоқ. Үйірімен жылқы алдырмайды олар. Сақ отыр. Мен күзетшінің шідердегі атын ұрлаймын,— деді тісін шұқыған күйі.