Құп болады, — деді Балуан.
Қызды сайда тұруға көндірген Балуан Шолақ, Ақбозын ойнақтатып төбенің басына шыға келді. Бұл кезде таң аппақ боп, аспанның шығыс жақ жиегі сарғылттана бастап еді.
Шапқыншылардың алдында оғашырақ біреу далақтап келеді. Зады Шолақты танып келе жатқан сияқты,— сойылын көлденең ұстап:
— «Аттан түс!.. Түс аттан»—деп қиқулайды.
Шолақ оған қарсы ұмтылды. Екеуі айқаса бергенде, жігіттің сілтеген сойылын Шолақ жұлып алып, аттың екпінімен ағып өтіп кетті де, іле қайта бұрылып, жігіттің түп етегінен қапсыра алды. Жігіт қиялай тартып, беріспеуге тырмысып еді, Шолақтың қуатты қол күші еркіне жібермей, тартқан жағына еңсере аударып әкетті де, өңгеріп апарып жерге тастап кетті. Аты ойнақшып бетімен шыға берді...
Кейіннен жеткендерін де осы әдіспен аттарынан аударып, біраз сайысқаннан кейін қуғыншыдан ат үстінде ешкім қалмады.
Ойнақтаған бос аттардың бәрін Шолақ сайға айдап түсірсе, қайратына сүйінген қыз, атына мініп бері келе жатыр екен.
— Сен мынау дөңге шық та, аттарды иіре тұр, — деді ол қызға, — мен жігіттерге барып келейін.
— Неге?!..
— Кеше ойнап тарқасқан жігіттермен, бүгін араздасып айрылам ба? Барып кешірім сұрайын.
— Ойбай, ұстап алады. Аттыдан жаяу мықты деседі