Ата жауды Алатаудан алас-тап, Жетісудан желкелеп қуып шыққанда да, майданның қызу ортасында сендер жүрдіңдер. Алаш ұранды ағайыннан аянып қалған жерің жоқ. Рақмет, бауырларым! Бүгін, міне, кезек өздеріңе келіп, ата жұртты азат етер күн туды. Есептескен ел болмайды. Қандас бауырдан қарымта қайтпады, аттың тері, ердің еңбегі төленбеді деп тарықпаңдар. Илегеніміз — бір терінің пұшпағы, қорғағанымыз — бір қазақтың даласы. Жаңа айттым ғой: биылғы жүк ауыры — өздерінде. Найман атан баласы өзінің ежелгі салтын сақтап, биыл да бір түмен қолмен ту түбінен табылар деп сенемін!