Сөйле, тілім, шешіліп осындайда,
Құрбылармен бір жерге қосылғанда.
Отырмассың үнемі төрде бүйтіп,
Еріксіз-ақ қоярсың тосылғанда. Емес пе едік, япырым-ау, кеше бала
Білетұғын жастықпен есті шала.
Белгісі жок екен ғой өткен күннің,
Қатар түзеп қыз болдық, міне, қара!
Қыз байғұс ел-жұртына келген қонақ,
Мысалы, қызғалдақтай ғұмыры шолақ.
Күн келер өз басынан ерік кетер, Қалалық осындайда күліп-ойнап.
Сөйледі Ғали мырза жігіт жайын,
һәркімнің халі өзіне тұрар дайын.
Қыздарды жігіттермен салыстырып,
Тыңдаңыз, мен азырақ сөз қылайын.
Жігіттің еркі өзінде - жылдың құсы,
Ұшса да, я келсе де отырғысы.
Мысалы, жазы болған жаққа кетер
Бір жердің қары жауып, туса қысы.
Қыз байғұс қолға түскен сандуғаштай,
Торында ғұмыры өтер кілтін ашпай.
Сатады мал көп берген кісі болса,
Кетеді жылап сорлы қарсыласпай.
Рақым етпес және ата-анасы,
Болса да жақсы көрген өз баласы.
Теңіне қыздың көбі бара алмайды,
Көнбеуге және дағы жоқ шамасы.
Қалайша тұрсын енді жыламай қыз,
Ерлерге қарсы келсек ұнамаймыз.
Тұтқында өскен жандай дүние көрмей
Жол іздеп ұлықтан ерік сұрамаймыз.
Жаманға барсаң қор боп ғұмыр өтер,
Ұстайды ол ақымақ күңнен бетер.
Күн шығып, ай да туып, көз ашылып, Бұл қайғы қыз сорлыдан қашан кетер?
Кісінің туып-өскен жері қымбат,
Үйренген бала жастан елі қымбат,
Ата-анаң, аға-жеңгең қадірлеген
Тебіскен құлын-тайдай теңі қымбат.
Тастайды осылардың қыз һәммәсін,
Қор етіп бір жаманға ғазиз басын.
Өзінің сүйгеніне бара алмаса,
Қалайша енді олар сағынбасын.
Қыз бермек пайғамбардың сүндетіндей,
Ұзатпақ ата-анаң міндетіндей.
һәркімнің өзіне ерік берген жоқ па,
Алланың бұны дейміз құдіретіндей.
Сөзімде қата болса сөкпе, халқым,
Әшейін айтып өттім сөздің салтын.
Тұрған соң көзің көріп қиянатты,
Тартады уайымдап көңіл салқын.