Мен мұндамын, қалмаңдар!— деп айғай салды Исатай. Достары оны қылыш пен оқтан қорғамақ болып тұра ұмтылды. Махамбет қасында келеді. Жантас, Ноян, Ерсары бастаған жігіттер алға озып, жолды кескендермен кескілесіп кетті. Ноян жараланып құлап түсті. Жантас, Қалдыбай, Ерсарылар жанталаса шайқасып, Ноянға жетпек болып жүр. Төлеңгіттер мен қазақтардың тар қыспағына тағы да бірнеше сарбаз түсті. Солармен бірге Исатайдың баласы Жақия мен Махамбеттің інісі қалды. Исатай мен Махамбет оң жақ қанаттан, капитан Шустиковтың жүздігі тұрған тұстан сытылып шықты.