Біріміз - бойында еш кір, былғаныш сақталып тұра алмайтын, ағынды өзен тәрізді болсақ, екіншіміз - бар жамандықты бойына сақтаған, тұнып қалған, ағар жері жоқ қара су екенбіз. Сен сол қара сулығыңа тарттың. Енді түсіндім, еш жаққа аға алмадың, өзіңнен-өзің тұрып борсыдың. Ал сондай сасық сулы қара су жанынан мөп-мөлдір боп ағып жатқан өзенге қызықпай ма? Қызығады. Қолынан анау ағынды өзен болуға табиғи жаратылысы жібермесе, ол қара су не істейді? Бар болғаны қызғану болады. Және қолынан сол ағынды судан өш алу келмесе, ол қара су немен көңілін басады? Борсиды, сасық иіс жан-жағындағы жұртты үркітеді, қорқытады.