Алпамыс қойдың жанынан өте бергенде, өзінің бар күнінде серке қоямын деп жүрген екі серкесі бар екен. Олар осы күнде тоғыз жасар серке болған екен. Солар енді Алпамыстың үзеңгісін иіскелеп, маңырап, Алпамыстың соңынан ере береді. Сонда Құлтай серкесін шөрелеп, бүкшеңдеп, жүгіріп келе жатып, айтқан сөзі:
– Бедеу аттың бестісі-ай,
Адамның азбас естісі-ай.
Қайда кетіп барасың,
Қарағымның ешкісі-ай,
Шөрей, жаным, шөрей!
Тау басында бұлағы-ай,
Жағалай біткен құрағы-ай.