Әміршінің кейде қарауындағылардың оп-оңай нәрсеге қайтіп ақылдары жетпейтініне қайран қалатыны бар. Артынан өзі байыптап ойлап-ойлап, онысының бекер екеніне көзі жетеді. Өзі болса, біреуге жаға ма, жақпай қала ма деп қипақтамайды, ал қарауындағылар мұның қас-қабағын бағып қипақтап тұрғанда, шатаспастан шатасып кетуі әбден ықтимал. Ол бағыныштылармен оңаша сырласқанда мәжіліс тесін ұзақ сөйлетіп, өзі үн-түнсіз тыңдайды да отырады. Әбден айтатынын айтып болғанша сөзін бөлмейді. Ұстаз алдындағы бала шәкірттей қыбыр етпей, аузына қарап қатады да қалады. Тіпті «иә, дұрыс, айта бер» деп мақұлдап басын да иземейді. Өйтсе де, кейбіреулердің «тап осы бағытымнан ауып кетсем, жақпай қалармын» деп ыңғайға аунап, көп сырын ішке бүгіп қалуы мүмкін ғой. Оған өз бағыныштысының ішіне құлта сақтамағаны, не ойлап, не қойғанын түк қалдырмай түгел айтып бергені керек. Өйткені бұның әмірінің астындағы елде ішіне сыр бүгіп, құлта сақтауға тек оның өзінің ғана хақысы бар. Ал былайғы жұрт бұның жолынан жаны мен қанын аямағанда, сырын аяп қайтеді... Бұл өзіне бағынышты жердегі әр пенденің не ойлап, не қоятынын түгел біліп отыруға тиісті. Әсіресе өз төңірегіндегілердің көкірегіндегісін әбден ақи-тақи бәрін біліп алмай тұрып, көңілі көншімейді. Адамның сырын білмейтін атқа мінбейтіні сияқты, не ойлап, не қоятынын, өресінің қайда жетіп, қай жерден сүрінетінін білмейтін кісілерді де маңайына жолатпағаны жөн. Оның үстіне әр адамның сыры көкейінде жатқанда ғана өзінің қаруы да, аузынан шығып кеткен соң естіген кісінің қаруы емес пе? Бұл өз маңайындағыларға ішіне құлта сақтатпауға тырысады. Қайқайсысының да бар сырын біліп ап, өз сөзімен өзін матап қояды. Сондықтан да бағыныштыларын ештеңеден секем алдырмай, еркін сөйлетіп бағады. Біреуді тыңдап отырып, сөзін түзеткенді ит етінен жек көреді. Қайта білетін нәрсесін білмеген боп, өп-өтірік аңғал сұрақтар қояды. Сонда жер түбіндегіні біледі дейтін сұңғыла Әміршінің қайдағы бір қарапайым нәрселерден де бейхабар екенін көрген мәжілістесінің манағыдан бері көмейіне іркіп, ашып айтпай, маңайлап қайтып жүрген тілдегі тиегі өз-өзінен ағытылып қоя береді. Сөйтіп, әуелі бағыныштысына ішіндегі қырындысына дейін айтқыздырып алады да, өзінің анау ойлап отырғандай аңқау еместігін артынан барып аңғартады, ар жақ-бер жағыңды айтқызбай біліп отырған көріпкел кісінің қалпын танытады. Сонда әлгі саулап отырған «сабазың» бірден жым болады. Бұдан кейін ол да бір, мұрындығы тесілген тайлақ та бір-айтқаныңа жүріп, айдауыңа көнбеске амалы қайсы... Әмірші атаулының былайғы жұрттан биік тұратын жері де – өзі кімнің сырын білгісі келсе де, сұрап біліп ап, өзге ешкімге сыр айтпайтындығын да емес пе? Арғы-бергіде Әміршіден сыр сұрауға жүрегі дауалаған адам бар ма, тәйірі... Әмірші аузына қандай берік болса, құлағын да әркімнің аузына төсеп отыра алмайды, оған біреудің өсегін тыңдағаннан гөрі басындағы алтын тәжді жұлып ап, сасық ауыз өсекшінің алдына түкіргіш қып қойғаны әлдеқайда дұрыс. Ол біреу туралы шағым айтып келген кісіні ит етінен жек көреді. Ал өзі туралы өзгелер не айтып жатқанын өсек қып жеткізгендерді бір-екі рет дар астынан қайтарғаны да бар. Содан бері бұған ешкім әлгіндей бұралқы әңгімемен маңайламайтын болды. Уәзірлері мен балалары өзі тапсырма бермесе, ешкім жөнінде ештеңе айтпайды. Бұл білуге тиісті төтенше оқиғаларды ханның үй іші не сарайдың аса жоғары дәрежелі ұлықтары бұл бал аштыратын сейіттерге айтады. Олар бұған өздері естіген жайсыз хабарды нысаналап білдіреді. Бұл олардың әлгіндей нысаналарының әр жағында не жатқанын ақи-тақи білгісі келсе ғана шақырып ап, әлгі өзі байқаған нысананы жорытады. Сонда сейіттер оған өздері естіген қолайсыз лақапты ашып айтпай, әлгі нысананың жоруы қып тұспалдап жеткізеді, оны қалай түсіну бұның өз еркінде. Әлгі тұспал әңгімеге қарап, қандай қорытынды шығарарын, жазықтыға қандай жаза қолданарын тек өзі ғана біледі. Әрбір құлағы естіген ұнамсыз жағдайды әшкерелеп отыру, жазалап отыру падишаның өзіне де оңай тимейді. Ал біреуден әлгіндей қылмыстың анық-қанығын естіп біліп отырып, оған лайықты жаза қолданбаса, о да халық алдындағы асқар таудай абыройына дақ салар еді. «Қайда да айла таппас тығырықтан қаш», деген өз қағидасын берік тұтынатын ол бұл мәселеде де өз қолына өзі бөгеу салғысы келмейді. Оның үстіне шағым мен өсек жекелеген кісілер үстінен айтылады. Қара нөпір әскерді қан қасап қып қырып тастауға бар Әмірші әрбір жеке пенденің іс-әрекетін бағалағанда, әсіресе жазалағанда, қиянат, әділетсіздік жіберуге қатты қаймығады. Өйткені соғыста жазықсыз жауынгерлерді, әркімнің әлпештеп өсірген өрімдей ұлдарын қанша көп қырсаң, соншалықты атағың асса, жай өмірде жай әншейін көкірегінде жаны бар жалба тонды қайыршыға істеген сәл әділетсіздігің абыройыңды айрандай төгеді. Ал Әмірші басыңмен қарапайым біреуге қайырым жасасаң, қаншама боздақты қырған қан ішер атағың жойылып, қарашыға қайырымдылық жасаған, қара қылды қақ жарған әділетті атағың жайылады. Оған да баяғыда күнгей жорығының тұсында әбден көзі жеткен.