Хамит ұзынша бойлы, жауырынды, тіп-тік сұр жігіт. Қырша мұрынды, шүңіректеу қаракер тобылғы көзді, қырқып жүретін сақалы, мұрты бар. Жасы жиырма бес-жиырма алтылар шамасында. Сом, сұлу денесі ылғи сіңір мен шиырылған күшті көк ет еді. Бар денесі серіппелі көк темірден құйып жасағандай.Түйіліп жазылған қиғаштау қасы мен шұңғылдау көзі Хамита зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін көрсетеді. Бет-аузы бүркіттің бетіндей. Қыран бүркіттің түрпілі саусақтарындай,күшті темірдей жұдырықтарын түйіп, көрін тігіп, кіжініп:
- А-а!.. Қандай қылайын! - деп төніп келсе, жөпшенді кісінің аруағы ұшып кететіндей азамат. Хамит салт атты. Үстінде мұздай қазақша киім. Басында қоңыр елтірі тымақ. Аты сұлы жеп жүрген, мейіздей қатқан, сұлу Құбақан ат.